Қарағандыда «Roboland – 2018» халықаралық фестивалі мәреге жетті. Оқушылардың ғылым жолындағы алғашқы қадамдарын саралаған байқауға жаңаарқалық жеткіншектер де қатысқан-ды. Жақында аудан әкімі Юржан БЕКҚОЖИН аталған шарадан жүлдемен оралған оқушыларды арнайы қабылдап, құттықтады.
Қарағанды қаласындағы «Жастар» спорт кешенінде өткен дәстүрлі «Roboland – 2018» робот техникаларының фестиваліне ел өңірлерімен қатар, шет елдерден 800-ге жуық команда қатысты. Бұл күні спорт кешенінің ішінде адамға қарағанда роботтардың саны едәуір көп болды. Мыңдаған құлтемір жасаушылар арасында Жаңаарқа ауданының құрамасы да болды.
Фестивальге аудандағы О.Жұмабеков, Б.Амалбеков, Ю.Гагарин атындағы және №132, Қызылжар, С.Сейфуллин, Ақтау, Жаңаарқа орта мектептерінен барлығы – 37 оқушыдан құралған құрама команда қатысты. Шығармашылық белсенділіктері мен инженерлік шеберліктерінің арқасында өзгелерден ерекшеленіп, алға суырылып шыққан О.Жұмабеков атындағы білім ошағының оқушылары – Нұртілеу Шомытов пен Мейіржан Кәрібай І орынды қанжығаласа, Әділ Мағазұлы және Нұрғазы Қайыржанов ІІ орынды иеленіп, ауданымыздың абыройын асқақтатты.
Индира АСАМИДАНОВА,
аудан әкімінің баспасөз хатшысы.
ЖАҢААРҚА ауданы.