Біздің сұхбат

«Жарыста ғана сөз жаттасам – жасандылық болар еді»

Амангелді Құрақбай,

«Даналар сөзі – ақылдың көзі» республикалық

шешендік өнер байқауының жеңімпазы

– Ең алдымен өзіңіз жайлы айтып кетсеңіз? Қай жақтың тумасысыз? Қазіргі таңда немен айналысасыз?

– Кешегі ділмар Шоң мен Байдалы билер дүниеге келген киелі Жаңаарқаның тумасымын. Сол жақта Ескене деген ауылда туып-өстім, білім алдым. Арман қуып Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетіне түстім. Бала күнгі арманым – мұғалім болу. Қай салада жүрсем де елдің қажетіне жарап, халыққа қызмет ету – басты парызым. 2014 жылы оқуды тәмамдаған соң мысы менен күмісін күбідегі қымызша сапырған кенді қала Сәтбаевқа келіп, №19 мектепте мұғалім болдым. Биылдан бастап, мемлекеттік қызметке орналастым. Қазір Сәтбаев қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бас маманы қызметін атқарып жатырмын.

– Қаздауысты Қазыбек бидің 350 жылдығына арналған «Даналар сөзі – ақылдың көзі» атты республикалық шешендік өнер байқауында бас жүлде иеленген екенсіз. Байқау қалай, кімнің ұйымдастыруымен өтті?

– Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ұйымдастырған байқауға облыстың өзінен 52 үміткер тіркеліпті. Әрине, оның барлығын бірден өткізе салмайды, іріктеу жүргізілді. Ол да ІІІ кезеңнен тұрды. І кезең – таныстыру, ІІ кезең – Қазыбек бидің шешендік сөздерінен үзінділерді мәнерлеп оқу, ІІІ кезең – шешендік арнау, шешендік толғау, шешендік дау мәселелеріне байланысты тақырыптар бойынша бір-бірінен асып түсетіндей білгірлік, ділмарлық, шешендік танытып және тақырыпты бүгінгі күнмен сабақтастыра отырып өз ойларын ортаға салу. Іріктеу кезеңінен де бас жүлдені еншілеп, республикалық байқауға жолдама алған жайым бар. Бұл жерде де бас жүлде маған бұйырды.

– Сол кезде қандай әсерде болдыңыз? Жалпы, байқау әділ өтті ме? Көңіліңіз толды ма?

– Сақадай сайланып келген әр облыстың ұл-қыздарын көргенде, шынымен, басында үрей басым болды. Өңіріміздің намысын қорғап шыққаннан кейін, жауапкершіліктің жүгі өте ауыр екенін тағы сезіндім. Сол себепті жарыстың қай кезеңінде болмасын, барымды салуға тырыстым. Әрине, бас жүлдені ұтып алған кезде ерекше қуаныш болды, елімнің үмітін, жақындарымның сенімін ақтап шыққаным үшін өзімді бақытты сезіндім. Байқау жоғары дәрежеде өтті. Қазылар алқасы үміткерлер өнерін бағалау кезінде сөйлеу шеберлігіне, сөз қолданысына, дауыс мәнері мен тіл тазалығына, ойдың жүйелілігіне көп мән берді.

– Мұндай байқауларға жиі қатысасыз ба?

– Жоқ, жиі қатысамын деп айта алмаймын. Байқау іздеп жүрмеймін, бірақ мүмкіндігінше осындай республикалық деңгейдегі байқауларға қатысып тұрғанды жөн көремін. Алғаш 2012 жылы Шымкент қаласында республикалық шешендік өнер сайысында өнер көрсеткен болатынмын. Облыстың намысын қорғап,  Әйтеке би атындағы арнайы сыйлықты алып қайттым. Оқушы, студент кезімде көркемсөз, театр, жыр байқауларына жиі қатысып тұрғаным тағы бар.

– Әдебитке, шешендік өнерге деген қызығушылығыңыз қайдан оянды?

– Енді, оқыған мен тоқыған – екі бөлек дүние. Кішкентайымыздан ата-әженің соңынан еріп жүрдік. Ауылдың қазыналы қарияларының айтқанын тыңдап өстік. Біздің бала кезімізде қазіргідей әлеуметтік желілер немесе тағы  да басқа көңіл көтеретін дүниелер болған жоқ. Біздің басты ерекшелігіміз – кітап оқып, өлең-жыр жаттап жарысу болатын. Сол кезден оқып-тоқығанымыз  бойымызға сіңе берді. Кең табиғат аясында қой бағамыз. Ауылдың табиғаты да көкірек, көзіңді ашады екен. Содан кейін сөз де, басқасы да өзінен-өзі қалыптасып, ішкі дүниеңнен шыға береді. Әйтпесе, шешен болайық деген арнайы бір жоспар, мақсат болған жоқ. Оқып-тоқығанның, үлкен кісілердің сөзін көп тыңдағанның нәтижесі деп ойлаймын.

 – Болашаққа қандай жоспарыңыз бар? Мамандығыңыз бойынша жұмыс жасамайсыз ба енді?

– Бастысы, қай салада жүргенің емес, елге, халыққа қызмет ету. Болашақта мемлекеттік қызметті әрі қарай жалғастырып,сол жолда өсіп-өркендеу ниетіндемін. Педагогика саласынан да бас тартып отырғаным жоқ. Қазір мектептен шамалы сағат алып, осы салада да тәжірибе ұштап жүрмін. Биыл категорияға да беріп қойдым, яғни, педагогика мен мемлекеттік қызметті қатар алып жүру ойда бар. Пәлендей алға қойған мақсат әзірге жоқ, заманның ағымымен келе жатырмын.

 – Осы әдебиет, өнер жолында түрлі байқауларға қытысып, бақ сынап жүрген жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Әрине, ақыл айту оңай ғой. Дегенмен, жарыстың кезеңінде ғана дайындалмау керек, соған ғана арнайы сөз жаттайтын болсаңыз, ол түкке тұрғысыз жасандылық болар еді. Сондықтан үнемі жаттап, үнемі оқып, әр нәрсені түйіп жүруіміз керек. Әрдайым ұштап, жетілдіріп отырмаса, адамның да шабыт қайнары сарқылады. Ол ұлттық мұраларды тыңдау арқылы, қазақи дүниелер оқу арқылы, ата-бабалардың жолын қуу арқылы, ұстанған салтымен танысу арқылы, соны  шама-шарқыңыз келгенше әрбір жерде орындау арқылы бойымызға сіңіп, болмысымызға күш береді. Ондай адамның қасиеті қай жерде болсын бойынан, сөйлеген сөзінен, іс-әрекетінен көрініп тұрады. Сондықтан, қазақша оқудан, қазақты танудан танбай, ел үшін аянбай қызмет ету қажет деп  есептеймін.

 

Сұхбаттасқан: Мөлдір НҰРЛАНҚЫЗЫ,

ҚарМУ-дың журналистика бөлімінің

ІІ курс студенті.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button