Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын өткізу туралы бастамасын Қарағанды облысының барлық тұрғындары белсенді түрде қолдады. Өңірде аталған мәні бөлек республикалық сипатқа ие науқан әлі де күшінде. Шахтинск шаһарының маңындағы орман іші, жол жиегі қоқыстан тазартылды.
«Таза орман» деп аталған акцияға еріктілер, спортшылар, «Жасыл ел» жасағының жас сарбаздары қатысты. «Таза орман» өңірлік акциясының басты мақсаты – жасыл желек атаулысын күтіп-баптау, орманды қоқыстан тазартуға, демалыс орындарын абаттандыруға, жол бойындағы белдеулерді ретке келтіруге үлес қосуға дайын жанашыр азаматтардың күшін біріктіру.
Шахтинск орман алқабының ауданы 722 гектарды құрайды. Бұл – қала тұрғындарының демалуға және спортпен шұғылдануға арналған сүйікті орны. Дегенмен, өзінен қалған қалдықты тазалап жүру мәдениеті екінің біріне бұйырмағаны көбімізді қынжылтады. Әлбетте, қала, оған жақын кент, ауыл жастарының бастамасымен орманға ағаш егу, қоқыс-қалдықтан тазарту жұмыстары бойынша акциялар жиі өтеді.
– Орман – дала байлығы. Бүгін жастарменен жалындап жүріп жап-жасыл аймағымызды тазарттық. Акцияны ұйымдастырудағы негізгі көздегеніміз де – сол. Әрі жұртшылық санасына тұмса табиғатқа деген жанашырлығын арттыру, – дейді Шахтинск қаласының Жастар ресурстық орталығы басшысының міндетін атқарушы Алексей Варзаев.
Шахтинск қаласында «Таза Қазақстан» акциясына бергісі 100-ден аса еңбек ұжымы мен 10 мыңға жуық тұрғын қатысты. 15 мың тоннадан аса қалдық сыртқа шығарылып, саябақ, алаң, ескерткіштер аумағы тазартылды. Мыңнан көп көшет егілді.
– Қоқыстың үлкен-кішісі болмайды ғой. Қолдағы темекі тұқылы да, бейсауат жатқан нәрсе де көңілге кірбің ұялатады. Сондықтан, әрқайсымыз атамекеніміздің абат та, кіршіксіз көркем болғанын қалаймыз. Сайып келгенде, бұл ішкі мәдениетіміздің сыртқы ортадағы көрінісі деп бағамдаймыз. Шаһарымыз шаң-тозаңнан да таза болсын деген игі тілек! – деп пікірін білдірді ерікті Арсен Есенгелдіұлы.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Шахтинск
Суреттерді түсірген
Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ