Рухани жаңғыру

Жанартау жырдың жаңғырығы

«Қасым деген – қалғыған жанартау ғой,

Жанартау ғой, жанды да кетті өртеніп!..»  (Мұқағали МАҚАТАЕВ). Қарағандыда Қасым АМАНЖОЛОВ атына байланысты шара ұйымдастырылған сайын осы өлең жолдары еске түседі де, «Ей, тәкәппар дүние, Танисың ба сен мені?!» (Қасым) деген асқақ рухқа ұласа барады… Өзі де «Баяғы Қасым бір Қасым, Баяғы күйім, өлеңім…» демекші, Қасым әндері, Қасым өлеңдері Қасым оқуларына ұласқалы қашан?! Қарағандыға қазір бір-ақ нәрсе жетіспейді. Ол – Қасым атындағы ұлттық орталық! Елбасының  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының өзі соны меңзеп тұрған жоқ па?  «Қарағанды Қасымның қадіріне қашан жетеді»  деп жазылғалы қашан?..

2011 жылы халықаралық деңгейде тойланған Қасым ақынның 100 жылдығынан бері Қарағандыда дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан Қасым оқулары биыл да ерекше сипатта өтті. Қ.Аманжолов ескерткішінің алдында қазақ жастары мен осындағы этномәдени бірлестіктердегі өзге ұлт өкілдері түрік, неміс, өзбек, башқұрт, қырғыз, орыс тілдерінде «Жанартау ұлдың» асқақ жырларын жаңғыртты. Қоңыр күздің салқынын Қасым-жырдың қуатымен тілгілеген жастардың екпіні қатты көрінді. Қазақ, орыс, басқасы бар Қасым атамыз босағадағы басын төрге сүйреген қазақ поэзиясының мерейін асырғанына қуандық. Нағыз өнер тойы ұлтқа, руға жіктелмей, осылай өтсе керек.

«Жамбыл атамыз «Менің пірім –Сүйінбай!» демекші, менің пірім – Қасым мен Дәуітәлі» дейтін Серік Ақсұңқарұлы келіпті шараға. Мынадай жағымпаз, жылымшы заманада «Қасқырдың монологын» жазған С.Ақсұңқарұлының өзі де Қасымның немересіндей көрінеді. «Қасым оқуларына келмегенде, қайда келемін?» деп жастарға ақ жол тілеп, батасын берді. Анау Алатаудың бауыры Алматыдан арнайы шақырумен ақын Ақберен Елгезек жетіпті. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың, «ULT.KZ» әдеби ақпараттық-порталының редакторы. «Қасымның жыры – қазақтың қайсар рухы іспетті. Қазақ үшін, Қасым үшін әлемнің қай қиырынан болсын келіп, атсалысуға әзірмін» дейді. Өлеңсүйер жастармен кездесіп, емен-жарқын әңгіме-дүкен құрды.

Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Н.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырған биылғы дәстүрлі VII Қасым оқулары 13 пен 21 жас аралығындағы жастар арасында байқау түрінде, екі кезең бойынша өтті. Бірінші кезең – «Дүниеге келер әлі талай Қасым» аталымында үздік арнау жазған талапкерлер бағаланса, екінші «Қазақ аспанында – Қасым рухы» кезеңіне үздік эссе қабылданыпты. Облыстық деңгейде жарияланған өнер сайысына ауыл, аудан, қалалардан және Қарағандыдағы білім ордаларынан 57 үміткер шығармаларын ұсынған екен. Солардың арасынан жүлдеге іліккені – 12 талапкер.

Әуелгі «Дүниеге келер әлі талай Қасым» аталымының бас жүлдесін қарағандылық Бауыржан Ерман қанжығалады. Ал, жүлделі І орын Жаһаншаһ Бәделге (Шет ауданы), ІІ орын Айдар Қамиев (Шет ауданы) және Ернұр Төкенге (Ақтоғай ауданы) бұйырды. Ардақ Тойлыбаева (Сәтбаев қаласы), Елдос Советов (Балқаш қаласы) ІІІ орыннан көрінді.

«Қазақ аспанында – Қасым рухы» атты үздік эссе жазуда бас жүлде балқаштық Аяжан Амангелдіге, І орын Досжан Нұрбол (Ақтоғай ауданы), ІІ орын Қарақат Құрмашева (Шет ауданы), Дария Ершова (Бұқар жырау ауданы), ІІІ орын Сағыныш Жақан (Қарқаралы ауданы), Қыдырма Аянға (Жезқазған қаласы) табысталды.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button