«Жайнап кеттің сырғаңды тағынғанда…»

Атадан балаға мирас болып келе жатқан салт-дәстүр – ұлттық құндылығымыз. Сондай салт-дәстүріміздегі ерекше орын алатын ежелгі ғұрыптың бірі – құлақ тесу. Қыз балаға құлақ тесу міндетті саналып, мәні жағынан сүндеттеумен теңестірілген. Халық арасында «Құлақ тесу – қыздың сүндеті» деген сөз бар.

Құлақ тесу жөнінде ел аузында мынадай аңыз бар. Бибісара анамыз жасы тоқсаннан асса да құрсақ көтермеген соң Ыбырайым пайғамбар Бибіажар есімді күңіне үйленеді. Көп ұзамай Бибіажар анамыз құрсақ көтереді. Тоқалдың жүкті екенін білгенде Бибісарада қызғаныш пайда болады. Осыны сезген Ібіліс: «Ей, Сара, еріңе қанша адал қызмет етсең де, Құдайың Ажарды сенен артық көрді. Бұл – әділетсіздік. Оны өлтіріп, өшіңді ал» дейді. Қызғанышын жеңе алмаған Бибісара «Ажарды екі жерден жаралаймын» деп ант ішеді. Сол түні Бибісара анамыз түс көреді. Түсінде алып шынар ағашын егіп жатыр екен. Шынар тез өсіп, айналасына саясын төгеді. Ояна салып, түсін күйеуіне жорытады. «Ұзамай ұлды боласың. Ұлың пайғамбар болады» дейді Ыбырайым. Бибісара анамыз қатты қуанады. Алайда, «Ажарды өлтіремін» деген анты есіне түсіп, «Антым бар еді. Енді не болады?» деп сұрайды. «Іштарлық – Ібілістің сипаты. Ол адамның дәрежесін көре алмай, Алланың дәргейінен қуылған-тын. Көңіліңді қызғанышқа билетпе. «Ақ та болса, ант ішпе, айрандай жұғар үстіңе» деген. Енді антты шартты түрде болса да орындау керек. Ол үшін Ажардың құлағын ғана жараласаң жетер» дейді Ыбырайым.

Бибісара анамыз қолына қанжар алып, Ажардың екі құлағының сырғалығын тесіп жарақаттайды.

Екі құлағынан қан сорғалап, Ажардың көркі қашады. Сара қанды көріп, шошып кетеді. Сол кезде Алланың әмірімен Жебірейіл періште пейіштен екі сырға алып келіп, Ажар анамыздың екі құлағына тағады. Жәннаттың лағыл тасын тағынғанда Ажар хор қызындай сұлу болып шыға келеді. Әйелдерге сырға тағу сол кезден бастап сүннет боп қалған екен-міс. Ел арасында «қыз баланың құлағы тесілмесе, қабірде жылан теседі» деген, наным-сенім бар. Бірақ, дініміз оны жоққа шығарып отыр.

Ұл баланы сүндетке отырғызған сияқты, қыз баланы да балиғат жасына толғаннан кейін немесе одан да бұрын құлағын тесу парыз саналады. Қазақ халқының кез-келген ғұрпы жиын-тойсыз өтпеген. Яғни, «көп тілегі – көл» деп, жиналған қауым әр салтқа сай өзінің бата-тілегін берген екен. Құлақ тесуде де ауылдың ақ жаулықты аналары жиналып, рәсімді орындаған. Алдымен, қолына бидайдың қос дәнін алып, құлақтың сырғалығын тесер тұсының екі жағына салып, уқалаған. Тескен кезде ауырмас үшін жанын кетірген. Қолы жеңіл, «құлағы өсекке керең» әйел отқа қыздырылған инемен теседі. Инеге сабақталған жібек жіпті салпыншаққа байлайды. Рәсім орындалып біткеннен кейін үлкен әжелер «құлағың жақсылыққа түрік жүрсін, жаманшылықты естіме, етек-жеңін жинаған сырғалы қыз болдың, балиғат жасқа жеттің, ойын ойнағаныңды қойып, алдыңа зер саларсың» деген ізгі тілегін жеткізеді. Жібек жіп, құлақта еркін айналуы маңызды.

Ертеде жіптің орнына иттің жүнінен жасалған жіпті таққан екен. Бұл ит терісінің емдік қасиетін білдірсе керекті. Қыз бала құлағындағы жіпті қарама-қарсы бағытта айналдырып отырған. Баланың терісіне әрі күтіміне сай бір аптаның ішінде құлағы жазылып, жіптің орнына таза, емдік қасиеті мол болғандықтан күміс сырға таққан. Қыз бала сырға таққан күннен бастап есейіп, бойжеткен шаққа аяқ басады. Астарында үлкен тәрбиелік мәні бар ғұрып қыз баланың бойына тылсым күш арқылы оның нәзік әрі өзіндік парызы бар екендігін сездіреді. Құлағы тесілген қыздың шашын екі бөліп өріп, үстіне көйлек-камзол кигізіп, кесте тігуге баулиды.

Жалпы, құлақ тесудің негізі «қызға қырық үйден тыюда» жатқанын айтқан қазақы дәстүрлерді насихаттаушы Зейнеп Ахметова:

– Кеңес өкіметі келгеннен кейін, сырғаға тыйым салынды. Оны «ескілік», «феодализм сарқыншағы» деді. «Комсомол мүшесіне сырға тағуға болмайды», «Пионерге өту үшін сырғалы болуға болмайды» деді. Осылайша қазақ қыздарының бүкіл психологиясын өзгерте бастады. Қыздарды еркекшора етуге тырысты. Байқағанымыздай, бір ғана сырғаның өзінен қаншама әсер болды. Қазір кішкентай қыздар сырға таққанда, ештеңе сезініп үлгермейді. Тек «сән» деген түсінік қалған-дей келе, қыз баланың құлағын сәби шағында тесуге қарсы, – екендігін айтады.

Шынымен, енді ғана дүние есігін ашқан сәбиде ауырсыну байқалып, шошынуы мүмкін, дейді медицина мамандары.

– Құлағымды тесерде анам маңайдағы көрші апаларды шақырды. Жасы үлкендеуі бетіме су бүркіп ұшықтап, көйлегінің етегімен бетімді сүртті. Ширақтау жеңгем келіп, жаны кеткен құлаққа спиртке малынған инені тығып қалды. Жіпті өткізген кезде ауырсыну білінді. Ең қиыны жібек жіпті оңды-солды айналдыру еді. Дастархан басында жақсы тілектер айтылып, анам жиналғандарға жоралғы деп сый ұсынды. Кейіннен жазылған соң, алтын сырға тағып берді. Құлағыма сырға таққаннан кейін өзімді бойжеткен ретінде сезіндім. Эстрада әншілері шырқайтын «Сырғалым» әніндегі «Жайнап кеттің сырғаңды тағынғанда..» сөздері сол кезді есіме салады, – дейді Анар Рымбек.

Бүгінде құлақты арнайы құрылғымен тестіреді. Жоғарыдағы жоралғылардың бірі де орындалмайды.

– Инемен құлақ тесудің түрлері өте көп, әрі міндетті түрде ауырады. Ал, құрылғымен тескенде сезбей де қалады. Сырғасы қоса киіледі. Құлақ тесетін маманның қолынан бастап, құрал жабдық пен бөлме залалсыздандырылған болуы керек. Иненің өзі арнайы қорапта болады, тек бір рет қана пайдаланылады. Мен өз тұтынушыларыма барлық жағдайды жасаймын. Әрі бағасы да қолжетімді, – дейді Мейрамгүл Әбдірахманова.

Бүгінде құлағын бірнеше жерден тестіріп, қызылды-жасылды сырға таққандарды жиі көреміз. Тіпті, мұрындарында да сырға бар. Үнді қыздары тұрмысқа шығар алдында құлақтарымен қатар, мұрнының сол жақтарын тескен. Ежелгі римдіктер «құлақтарын тессе, бастарынан бақ кетпейді» деп сенген. Мая тайпасымен, Мысыр фараондары ерекшелену мақсатында тілдері мен кіндіктерін тескен екен. Дәстүрдің озығы мен тозығы бар. Дегенмен, біздің қазақы ғұрыптағы тек қыз баланың ғана құлағын тесуінің астарында зор тәрбиелік мән бар. Қазақ қызына тән ырым-тыйымдардың негізі құлақ тесуден басталады.

Сағыныш ӘБІЛ