Жағдай – бақылауда

Балқаш шаһарында жаһан жұртын әбігерге салған індетке қарсы күрес шаралары күшейтілді. Сақтық шаралары қолға алынды. Медицина және полиция қызметкерлеріне уақыт талабына сай жауапты міндеттер жүктелді.

Балқаш қаласы қызыл аймаққа енгізілуіне байланысты 2-ші сәуірден бастап тұрғындардың қауіпсіздігі қатаң қадағалануда. Мамандар өңір тұрғындарын қауіпсіздік шараларын сақтауға және жауапкершілік танытуға шақырып отыр. Себебі, шағын шаһарда індет жұқтырушылар саны артып 20 адамнан коронавирус анықталған. Қазіргі уақытта 34 адам ауруханада жатыр. 4 адам ауыр халде жансақтау бөліміне түскен.

– Коронавирус инфекциясына қарсы әрекет қылмай, қамсыз отыруға болмайды. Бұл ретте шектеу шараларын күшейту эпидемиологиялық жағдай асқынған 5 күн ішінде жүзеге асырылады. Шамамыз келгенше адам саны көп жерлерге бармауға тырысайық. Бетперде тағып, сақтық шараларын сақтап жүрейік, – дейді

Балқаш қаласының мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Лена Батанаева. Мамандардың айтуынша, бүгінде Үкімет тарапынан шыққан барлық қаулы, ережеге сәйкес, азық-түлік сататын нысандардың қызметі ғана қалыпты жағдайда жалғасуда. Жергілікті билік кәсіпкерлерді негізсіз бағаны көтеріп, тұрғындар арасында алаңдаушылық тудырмауға шақырып отыр. Қазіргі жағдайда коронавирус індетінің таралуына байланысты сақтық шаралары талапқа сай атқарылуда.

Нұрдос КӘРІМ,

БАЛҚАШ қаласы.