Жаһан назарын аударған ҚарЛаг
Жаһан жұртына «Қағаз үй» сериалымен танылған Мигель Анхель Вивас ҚарЛаг туралы «La Tregua» атты фильм түсіріп жатыр. Бұл жұмыс Қазақстан мен әйгілі Netflix арасындағы келісімшарт аясында жүзеге асырылуда.
Фильмде саяси қуғын-сүргін құрбандары лагеріндегі адамдардың тағдырын баяндайды. Азапты күндерді басынан өткерсе де, адамдық қасиетінен айрылмаған тұтқындардың жүрек үнін жеткізеді.
Жұлдызды режиссер актерлердің шеберлігіне ерекше назар аударуда. Мәселен, ҚарЛаг туралы фильмдегі басты рөлдерді бұрын «Қағаз үй» телехикаясында Рио рөлін сомдаған Мигель Эрран және «Элита» драмасында Андер Муньос болған Арон Пипер актерлер қатарына енген. Сонымен қатар, Дина Тасболатова, Алтынай Нөгербек, Сергей Уфимцев және Фараби Ақкөзов секілді отандық актерлер де кадр ішінде.
1930-1950 жылдардағы КарЛаг атмосферасы костюмдермен, реквизиттермен және декорациялармен беріледі. Оларды жасау үшін суретшілер мұрағаттар мен мұражайларды ақтарған екен.
Бастапқыда фильмді Қазақстанда түсіру жоспарланыпты. Бірақ, кейін жоспарлар өзгерген. Түсірілім үшін Испанияның Бильбао қаласының маңында ҚарЛагтың миниатюралық үлгісі салыныпты.
– Біз барлық жағдайды қаз-қалпында жеткізу мүмкін емес екенін түсінеміз. Бірақ, біз барынша тырыстық. Біздің команда құжаттарды зерттеді. Қоюшы-суретшілер тобы орасан зор еңбек етті. Оңай болмады. Дегенмен, Бильбаода Қазақстанның бір бөлігін жасау үшін қолдан келгеннің бәрін істедік, – деді фильмді түсіруге жауапты Plano a Plano кинокомпаниясының директоры Цезарь Бенитес.
«Бітімгершілік» фильмі – қазақстандық актерлердің, продюсерлердің, үйлестірушілердің және басқа да мамандардың белсенді қатысуымен жүзеге асырылып отырған Netflix-тің алғашқы жобасы.
– Бұл жоба халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам. Біз оны жоғары стандарттар мен жаһандық әлеуетке баса назар аудара отырып дайындадық. Қазіргі жағдайға қарасақ, мұндай туындылар ауадай қажет екенін түсінесіз. Әлем жұртын бейбітшілікке шақырғымыз келеді. Адамзат баласы осындай трагедиялардың болғанын көріп, ойланады деген үміттеміз, – деп атап өтті фильмнің бас продюсері Аманат Қонақбаев.
Түсірілім екі жарым айға созылмақ. Авторлар дайын фильмді А санатындағы беделді фестивальдарда көрсетеді деп жоспарлап отыр.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz