Медицина

Жаңа стандарт дәрігер тапшылығын арттырып жібермей ме?

Бізде облыста 4 112 дəрігер, 8 904 орта медициналық қызметкер бар. Мемлекет басшысының тапсырмасымен олардың еңбекақысы жыл сайын өсіп, əлеуметтік қолдау жасалып жатқанына қарамастан əлі де медициналық қызметкерлер тапшы. Биылдан бастап енгізілетін үздіксіз білім беру жүйесі бұл тапшылықты шешудің орнына бұл қажеттілікті арттырып жібере ме деген алаңдаушылық та бар.

Медицина

Мəселе былай. Өткенде өңірге Сенат депутаты Серік Өтешов келгенде облыстың мəслихат депутаттары аймақтағы бірқатар мəселелердің шетін шығарды. Облыстық мəслихаттың депутаты Қадиша Оспанова кадр тапшылығын көтерді. Қадиша Базарбайқызының айтуынша, медициналық мамандардың тапшылығы бүгінде айқын сезіледі.

– Медициналық кадрларды даярлау жүйесіндегі жыл сайынғы реформалар салдарынан педиатр мен бейінді мамандардың тапшылығы туындады. Биылдан бастап, медицина мамандықтарына оқуға түскен студенттер алты жыл оқып бітіргеннен кейін дəрігер болып жұмыс істей алмайды. Олар резидентураға түсуге міндетті. Ол жерде үш жыл оқып, 9 жылдан кейін ғана дəрігерлікке кіріседі. Яғни, бұл мамандарды біз 9 жыл күтуіміз керек. Медициналық оқу орындарында клиникада істеген профессорлар қалмады. Теорияны ғана оқытып жатыр, – дейді əлеуметтік-мəдени даму жəне халықты əлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Қадиша Оспанова.

Депутат мəселеге қатысты ұсыныстарын да жеткізді.

– Денсаулық сақтау министрлігі кадр даярлау стандарттарын қайта қарастыруы керек. Оқу мерзімі алты жыл болып қалсын, үздіксіз кəсіби оқыту факультеттерінің жұмысын қайта жандандырсын. Оның ішінде, педиатрларды даярлайтын қысқамерзімді оқыту (сертификациялық курс) мен қысқамерзімді резидентураға даярлауды (1 жыл) қолға алуға керек, – деді Қадиша Базарбайқызы.

Қарағанды медицина университетінің стратегиялық даму жəне халықаралық серіктестік жөніндегі проректоры Виктор Риклефс интеграцияланған оқыту болашақ мамандардың кəсібилігін арттыруға ықпал етеді деген пікірде.

– Бұрын бакалавриатты студенттер 7 жыл оқитын. Оқып біткеннен кейін жұмыс істей беретін. Магистратураға түсетіндер түседі. Резидентура да солай, оқитындары оқи береді. Биыл енгізілетін интеграцияланған оқу стандартына сəйкес, бакалавриатты оқу 1 жылға қысқарып, алты жыл оқытылса, резидентураны оқу міндеттеледі. Оның мерзімі əр мамандыққа əртүрлі, – дейді проректор.

Виктор Петровичтің айтуынша, резидентура оқу емес.

– Ол – практика. Резиденттер нақты бір дəрігерлердің қол астында жұмыс істейді. Оқуы да жүріп жатады. Резидентураны оқымаса, 6 жылдан кейін жұмысқа орналаса аламайды. Өзгерістерге байланысты резидентураға бөлінген грант саны көбейіп, 3500-ге жетті, – деді Виктор Риклефс.

Медициналық жоғары оқу орындарының студенттері бұған дейін 4-5 жыл оқып бакалавр атанды. Тағы 1-2 жылда интернатура, 2-4 жыл резидентурада оқыды. Кейін 3 жыл докторантурада оқып, PhD доктор болатын. Биылғы оқу жылынан бастап, бакалавриат, магистратура мен интернатураны қосып, алты жыл үздіксіз интеграцияланған білім беру əдісін енгізу стратегиясын Денсаулық сақтау министрлігі қабылдап қойған.

Облыстың денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, 215 маман қажет. Оның 194-і – қалада болса, 21-і – ауылдық жерлерде. Былтыр 284 жас маман келді. Олардың 94-і – жалпы практика дəрігері. Жалпы денсаулық сақтау маманы – 7, резиденттер қатары – 183 адам. Бұлардың 30-ы ауылдық жерлерге кетті.

Сағыныш ƏБІЛ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button