Жұрт көңілі жарасты
Жексенбі күні Кеншілер мәдениет сарайының алдына «Масленица» мерекесін тамашалауға келген қонақтар Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ұлттық-мәдени орталықтары дайындаған жұқа құймақтан дәм татып, шоқ самаурынның шайын ішті.
Көңіл көтеретін ойындары мен байқаулары бар қызықты мерекені қалалықтар үшін «Казачья вольница» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Масленица – қысты көңілді шығарып салу, табиғаттың өзі жаңаратын көктемге үміт арту, қуанышпен жақсылық күту. Біз көп ұлтты мемлекетімізде барлық мерекелерді бірге тойлаймыз. Бұл – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрған және оған басшылық ететін Елбасымыз Н.Назарбаевтың данышпан саясатының арқасында. Әр үйге, әр отбасына байлық пен бақыт, ашық аспан тілеймін, – деді, қарағандылықтарды мерекемен құттықтаған «Казачья вольница» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Семен Раков.
Оның айтуынша, жұқа құймақ славян мерекесінде ерекше салтқа ие және оның міндетті белгісі болып табылады. Құймақ – күнді ұзарта отырып, әр күн сайын жарқырай түсетін күннің нышаны тәрізді.
Қалалықтар екі сағат бойы «Казачья вольница» ұлттық ән-би ансамблінің, «Хайдар» кавказ биі хореографиялық ансамблінің, «Ахыска» түрік этно-мәдени бірлестігі мен «Доруле» румын этнофольклорлық ансамблі әншілерінің өнерлерін тамашалады. Ата-аналарымен мерекені тойлауға келген балалар да эстафетаға қатысып, арқан тартысты. Ал, үлкендер болса, жаңғырыққа шеге қағып жарысып, кір көтеріп күштерін сынады.
Мерекеге пісірілген екі мыңға тарта құймақ, санаулы сәтте-ақ тарап кетті. Мереке соңында дәстүр бойынша масленица қарақшысы өртелді. Бұл – славяндықтардың үлкен ораза алдындағы адам тәнінің тазалығы ғана емес, жанның да кіршіксіздігін әспеттейтін ғұрпы.
Салтанат ИЛЬЯШОВА