Басты тақырып

Жүрегінен жыр сауды

    Жақында С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облысының қазақ драма театрында, киелі поэзия әлемінде өзіндік үні, сыры, бояуы, ажары бар өлеңдерімен оқырман қауымын елең еткізген дарынды ақын Жәлел ҚУАНДЫҚҰЛЫНЫҢ «Құмдауыт» кітабының тұсаукесері өтті.

   Жалғанның жарығын көрген жаңа кітапты сүйіншілеп, əдебиет патшалығының ғажайып ханзадалары һəм бірегей сардарлары ретінде салтанат құрған ағалары мен бауырларыда тік көтеріле келді. Оныңда себебі бар. Жәлелдің жырымен жұрт жете таныс. Өлеңдері бірнеше ұжымдық жинақтарға қатталған. Одан қала берді, республикалық мерзімді баспасөз беттерінде жарияланып тұрды. Сонымен қатар, өткен жылы Халық қаһарманы Жұмабек Тәшенов атындағы «Жылдың үздік ақыны» сыйлығының иегері атанды. Соның негізінде айтыскер ақын Айтбай Жұмағұловтың дәнекерлігімен, Сапар Ипкеевтей атымтай азаматтың демеушілігімен «Құмдауыт» кітабы шықты. Оза шауып бәйге алған бір басында атағы жетерлік. Бірақ, атағынан көрі ақындықты, көрген түстей өмірді ақ жанымен түсінетін адамгершілігі биік тұр. Өнердің шағын мұнарасын көтерген ақынның бұл – тұңғыш кітабы. Тұңғышының тұсауын кескен кешке біз де куә болдық. Өзінің сыршыл, лирикалық жырларымен оқырман жүрегіне жол тапқан ақын бұл жолы да көрерменді жырына сусындатты. Жас ақынның шашбауын көтерген қазақтың адуынды ақыны, Халықаралық “Алаш” сыйлығының лауреаты Серік Ақсұңқарұлы кітаптың тұсауын кесіп, ақ жол тіледі.

   Осы кеште ақынның сөзіне жазылған әндер орындалып, тыңдарманды тербеп әкетті. Соның ішінде, сазгер Әнуар Жаңахановтың әні «Жыр жүрек» жүректерді тербеді. Құмдауытты өлкеден түлеген Өмірзақ Қожамұратовтай ақын ағасына арнаған өлеңі әнге айналған екен. Бұл да ақын жанының үндестігі болар. Әншілер Нұрболат Клим, Дәуренбек Ақылбек ән шырқап, Манап Анықбаев күмбірлі күй төкті. Поэзия патшалығындағы пайымдауы өзгеден бөлек ақын жебелі жырын жүректерге ерекше үнмен, соны серпінмен жеткізіп жүрген Жәлелдің замандас ақын достары Мирас Асан, Жадыра Байбұланова, Жанат Жаңқашұлы, Жәнібек Әлиман, Әділет Шөпен және «Құрыш қала» газетінің бас редакторы, ақын Руза Алдашева күндей күркіреп өлең оқыды. Сондай-ақ, «Жыр жауһар» поэзия клубының жас мүшелері Жәлелдің жырын жатқа оқып, жұртқа жеткізді. Облыстық велоспорт мектебінің ұжымы, №4 мектеп-интернаты директорының орынбасары Лариса Ким құттықтап кеш иесіне құрмет көрсетті.

   Сөздің бейнелісін, әсерлісін таңдап, сергек сезімге тербетіп, ойды өрбіте білген ақын өлеңдерінің өнебойындағы азаматтық әуенді байыпты жеткізді. Қуандық. Әлі де, Жәлелге Керқұла атты Кендебай сияқты талай тас өткелден өтуге тура келеді. Сол тас өткелден таймай өтуге тілектеспіз.

Нұрдос КӘРІМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button