Ресми

Жұмыспен қамтудағы жүйелі қадам

Әлеуметтің әлеуетін көтеру, бұқараны жұмыспен қамту мақсатында елімізде бірқатар бағдарламалар қабылдануда. Ал сол бағдарламаларда көрсетілген міндеттерді орындап, жоспарларды жүзеге асыру – жергілікті биліктің міндеті. Облыс халқының басым бөлігі аудан-ауылдық жерлерде шоғырланғандықтан, бағдарламаларды мейлінше ел игілігіне жарату да басты мақсат болуы тиіс. Анығын айтсақ, жұмыспен қамту бағдарламалары халықтың әлеуметтік жағдайының көтерілуіне оң ықпал етуде. Аймақ тұрғындарын нәтижелі жұмыспен қамту туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында баяндап берді.

Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру, орындау және жаңа жұмыс орындарын құру аймақта өз деңгейінде жүргізілуде.

Жұмыссыз халыққа әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында 2023 жылға өңірлік жұмыспен қамту картасы бекітіліп, 54 мың 206 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Оның 5 мыңы – Ұлттық жобалар, 22 мыңы – бос жұмыс орындарына, 17 мың адам жеке бастамалар аясында жұмыспен қамтылады.

Кәсіпкерлікті дамытудың Ұлттық жобасы аясында 31 мың адам жұмысқа орналасады. Оның ішінде, субсидияланатын жұмыс орындарына 5 мыңнан астам, қысқа мерзімді курстарда – 1 551 адам оқытылады деген жоспар да бар.

Мемлекет басшысының Жолдауында жастар бастамашылығын дамытуға басымдық берілген. Соған сәйкес, жастар кәсіпкерлігін дамыту мақсатында жалпы сомасы 1,62 млрд. теңгені 2,5 пайызбен 324 жас кәсіпкерге беру көзделіп отыр.

Бүгінде жеті мың адам жұмыспен қамтылған.

– Аймақта жұмыспен қамту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Жүйелі жоспар арқылы нақты іс-шараларды жүзеге асырудың нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі – 4,3 пайыз көлемінде тұрақтанды. Бұл республикалық көрсеткіштен 0,6 пайызға төмен. Жұмыссыздықты жою мақсатында мемлекет тарапынан беріліп жатқан барлық мүмкіндіктерді пайдаланудамыз. Атап айтқанда, «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 1 532 адам, қысқа мерзімді курстарға 7 адам жіберілді. Халықтың әлеуметтік осал топтарына 191 грант беру жоспарланып, бүгінгі күні 49 адам өзінің бизнес-идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік алды.

Сонымен қатар, «Күміс жас» жобасы да жүйелі түрде жүзеге асуда. 50-64 жас аралығындағы адамдарды тұрақты жұмыспен қамтуға күш салып жатырмыз. Және де «Жеке көмекші», «Әлеуметтік қызметкер» мамандықтары бойынша кемінде 1 жыл мерзімге дейінгі және зейнеткерлік жас алдындағы адамдар үшін зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орнына орналастыруды ұйымдастырудамыз, – деді басқарма басшысы Әсем Жүніспекова.

Жастарды жұмыспен қамту өзекті. Көп жағдайда жұмыс орындары жастардың іс тәжірибесінің жоқ екендігін алға тартады. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында, жастарды жұмыспен қамту аясында «Жастар тәжірибесі», «Бірінші жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары бойынша төлем мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішке артып, мерзімі 12 айға дейін ұзарды.

Биыл аймақта Ұлттық жобалар шеңберінде жүзеге асатын ірі кәсіпорындардан жұмыс орындары ұсынылмақ. Атап айтқанда, Saran индустриялық аймағында шина зауыты, тұрмыстық техника зауыты, санитарлық-гигиеналық құралдар өндірісі кәсіпорындарда, Нұра ауданы мен Теміртау қаласындағы арнайы кокс өндірісінде, Бұқар жырау ауданындағы пластикалық құбырлар мен пластиктен жасалған бұйымдар өндірісінде және ауыл шаруашылығы саласында ет, құс еті, сүт және сүт өнімдерін өндіру және қайта өңдеу, көкөністер мен гүлдер өсіруге арналған жылыжай кешенінде жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі.

Жұмыспен қамтудағы түйіткілді мәселенің бірі маман мәселесі. Осы орайда, маман тапшылығын шешу үшін «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасының өңіраралық еңбек ұтқырлығы шеңберінде облысқа жұмыскерлерді тарту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде Түркістан облысымен бірлесіп өзара міндеттемелер туралы Меморандум жасалды. Яғни, жұмыс берушілері Түркістан облысында бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді.

Сонымен қатар, аймақта биыл 23 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Оған 2067 адам қатысып, 381 адам жұмысқа орналасты.

Жұмыссыз жастарды ақпараттандыру, жұмысқа тарту мақсатында жедел кеңес беретін Call-орталықтар жұмыс істеуде. Жастар көп жиналатын орындарда қалада жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, жүргізіліп жатқан реформалар туралы тұрақты кеңес беретін мобильді топтар жұмыс істейді. Жалпы, мұндай көмек түрлеріне жеті мыңнан астам адам жүгінген.

Сағыныш ӘБІЛ,

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button