Ресми

Зардабы зар илетпес үшін

Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев су тасқыны кезеңіне дайындық туралы құзырлы мекемелер өкілдерінің баяндамаларын тыңдады. Бүгінде Қарағанды облысында 5,9 шақырым қорғаныс бөгеті мен арнайы қорғандар тұрғызылып, нығайтылды. Өзен арналарының 44 шақырымынан астам қауіпті учаскелері тазартылды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Қатпановтың мәліметінше, тәуекелі жоғары аудандарға Бұқар жырау, Қарқаралы, Шет, Нұра, Абай және Осакаров аудандары жатады.

– Одан кейінгі бағанға – Ақтоғай ауданы, Қарағанды және Теміртау маңы жайғасса, Балқаш, Приозерск, Шахтинск және Саран қалалары едәуір қауіпсіз аумақтар деп танылды, – деді Мұрат Қасенұлы. – «Қазгидрометтің» мәліметінше, Бұқар жырау ауданының аумағын қоспағанда, облыс бойынша топырақтың күзгі ылғалдылығы қалыптан жоғары. Топырақтың қату тереңдігі 63-тен 116 сантиметрге дейін.

Өңірде 7,9 шақырым су бұру каналдары салынып, оңдалды. 17,5 шақырым дренаж және су бұру жүйелері тазартылды. Автожолдардың 66 учаскесінде су өткізу артқан.

Бірақ, күн райының күрт бұзылуы күтпеген тосын оқиғаға ұрындыруы ықтимал деп атап өтті Ермағанбет Қабдулаұлы. Ол су тасқыны қаупі жоғары аудандар әкімдерін қырағылық танытуға шақырды.

– Өзендердегі су деңгейін, қардың көлемін, топырақтың қату тереңдігін бақылауда ұстау қажет, – деп атап өтті өңір басшысы. – Қарды уақытында шығарып, тұрғындармен профилактикалық түсіндірме жұмысын жүргізіп, оларды аула аумақтарын тазартуға ынталандыру қажет. Инертті материалды, қапшықтарды дайындау, техниканың дайындығын қамтамасыз ету терең мәнге ие.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button