Ресми

Қызметші мүддесі қорғалады

Басқа басқа, мемлекеттік қызметшінің қызметінен мүлт кетсе, жалғыз бір ғана адамның емес, ол жұмыс істейтін мекеменің, қала берді бүтін облысты айтпағанда, мемлекеттің абыройына нұқсан. Себебі, халықтың мемлекеттік аппаратқа деген көзқарасы мемлекеттік қызметшіге, оның жұмысына, мінез-құлқына тікелей байланысты. Демек, осы саладағы кез келген жанның әрекеті мінсіз болса керек. Бірақ, бұл оның іс-әрекеті қырағы қарауылда және мүддесі қорғалмайды деген емес. Мәселен, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің тікелей міндеттерінің бірі – мемлекеттік қызметшілер құқығының бұзылуына жол бермеу. Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Ербол Жолданғардың төрағалығымен өткен кезекті отырыста мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссиялар жұмысты, тәртіптік практиканы қолдану барысында заң бұзушылықтардың алдын алу мәселелері талқыланды.

Департаменттің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Ілияс Медет тәртіптік жаза қолдану тәртібін түсіндіру және қызметтік әдеп нормаларын сақтау бойынша тұрақты түрде семинарлар, тікелей эфирлер өткізілетінін айтады. Нәтижесінде тәртіптік жауапкершілікке тартылғандар саны азайған. Мәселен, 2023 жылдың бірінші тоқсанында олардың саны – 206 адам болған. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 6%-ға төмен.

Бұдан бөлек, мемлекеттік органдар Әдеп кеңесіне тоқсан сайын тәртіпті жазалар бойынша мәліметтер ұсынатынын айту керек. Ал, кеңес болса, бұл деректерді жанжақты зерделеп, қызметшілердің жауапкершілігін қарауда рәсімдік бұзу фактілерінің болған-болмағанын анықтайды. Ал, егер бұндай жағдай орын алса, мекеме басшысының өзі жауапкершілікке тартылады. Тәртіптік жауапкершілікке тартылған қызметші теріс қылық жасау фактісімен келіспесе, онда қызметтік тергеу жүргізілуі тиіс.

– Процедура бұзылған жағдайда кейіннен мемлекеттік органның актісі мен әрекетіне шағымдануға әкелуі мүмкін екенін атап өткен жөн. Осыған байланысты, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін қарау кезінде заңнама талаптарын мүлтіксіз сақтау және олардың конституциялық құқықтарының бұзылуына жол бермеу қажет, – дейді Ілияс Медет.

Кеңестің төрағасы Ербол Жолданғар әрбір тәртіптік жаза қолдану барысында мемлекеттік қызметшінің құқықтары, сондай-ақ, кепілдіктер бар екенін еске салды. Сондықтан, тәртіптік жазаны қолдану барысында заң талаптары қатаң сақталып, мемлекеттік қызметшілердің құқығының бұзылуына жол берілмеуі қажет.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша департаменттің бас маманы Данияр Әбдірахманов баяндап, жергілікті атқарушы органдардағы мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік құқықтарының сақталуын талдау нәтижелері туралы айтты.

Деректер бірқатар мемлекеттік органдарда қызметкерлерге еңбек демалысының күндерін толық бермеу фактілері орын алғанын көрсеткен. Ербол Қабдығалиұлы бұл ретте, келешекте мемлекеттік қызметшілердің еңбек демалысына шығу тәртібін қатаң сақтау керегін ескертті.

Ал, облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Ирина Любарская еңбек заңнамасының талаптарын сақтау мәселесі бойынша мәлімдеді. Кеңес мүшелері еңбек заңнамасының талаптарын сақтауын бақылау және алдын алу іс-шараларын жүргізу, бұзушылық фактілері анықталған жағдайда оларды жою шараларын қабылдау бойынша ұсыныстар берді.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі, мемлекеттік қызмет, мемлекеттік қызметтер көрсету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл талаптарын бұзудың алдын алу бойынша баяндады. Бұл ретте, Ербол Қабдығалиұлы күнделікті қызмет барысында қолданыстағы заңнама талаптарының сақталу қажеттілігіне баса назар аударды.

Әдеп жөніндегі кеңес баяндалған мәселелерді жан-жақты қарастырып, қатысушыларға мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамалар бұзушылықтарын алдын алу бағытындағы профилактикалық шараларды одан әрі жетілдіру жөнінде ұсынымдар енгізді.

Салтанат ІЛИЯШ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button