Ресми

Қыстан қысылмайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында жылу желілерінің үздіксіз берілуін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Үкіметтің де күн тәртібінде тұрған мәселе – бұл. Жылыту маусымына дайындық жұмыстары, әсіресе, Балқаш қаласында былтыр қызу жүргенін айтып өткеніміз жөн.

Былтыр қала бойынша 6,3 шақырым жылу желісі ауыстырылды. С.Мұхамеджанов көшесіндегі 580 метр, З.Сәбитова көшесіндегі 460 метр, Қараменде би көшесіндегі 470 метр жылу құбырлары жөндеуден өткен. Әсіресе, Балқаштың Ж.Әбуғалиев көшесіндегі магистральдық жылу желісі әбден тозғандықтан апат жиі орын алатын. Енді, мұндай апат болмайды. Себебі, бұл учаскедегі құбыр толықтай ауыстырылды.

Жылу Балқашта 3 қазаннан, Саяқ кентінде 13 қазаннан бастап беріле бастаған. Қаладағы № 6, 7, 8, 9 жылыту қазандықтары қалыпты жұмыс істеп тұр. Көмір қоры да жеткілікті екен. Қаладағы 9 білім беру нысаны, 11 денсаулық сақтау саласындағы мекеме мен 593 тұрғын үй толығымен жылумен қамтылып отыр.

Саяқ кентінің жылумен жабдықтау жүйесін реконструкциялау үшін респуб­ликалық бюджеттен 500 миллион теңге бөлінген. Қазандықтарға 9 жылу алмас­тырғыш аппараты алынып, орнатылған. Тозығы жеткен 300 метр жылу желілері жөнделген. «Көмір-Krg» ЖШС-мен 86 млн. теңгеден астам сомаға 6 020 тонна көмір жеткізуге келісімшарт жасасқан.

Жылыту маусымының тұрақты өтуі үшін Балқаш қаласы мен Саяқ кентіне 138 млн. 250 000 теңге бөлінді. Жөндеу­ге қосымша материалдар және апаттық қорға материалдар сатып алынды.

«Әлеуметтік желілерде жылумен жаб­дықтау сапасы бойынша көптеген мәселелер бар. Барлық сұрақтар менің жеке бақылауымда. Тұрғын үй қатынас­тары бөлімі тәулік бойы жұмыс істейтінін және келіп түскен барлық өтінімдер мен өтініштерді пысықтайтынын атап өткім келеді. Жылу көзінде-Балқаш ЖЭО жұмысында 4 қазандық агрегаты және 4 турбогенератор бар. Отын қоры мол. «Балқаш Жылу» ЖШС ТНС қала бойынша штаттық режимде жұмыс істейді, қысым мен температура режимі жоспарлы көрсеткіштерге сәйкес. Жылыту маусымының тұрақты өтуі мәселесі күнделікті бақылауда», – дейді қала әкімі Сапар Сатаев.

Былтыр жазда Премьер-Минис­тр­дің бірінші орынбасары Роман Скляр

Балқаш қаласына арнайы жұмыс сапарымен келіп, жылу электр орталығының жұмыс сапасымен танысып кеткен болатын. Жаңа бесінші қазандықтың құрылысын көріп кеткен-тін. Қазір жылу магистралінде №5 қазандықтың жекелеген шағын тораптарын монтаждау аяқталуға жақын, жабдық гидравликалық сынақтан және газ-ауа жолының тығыздығын тексеруден өтеді. Болашақта қазандықты орнату «Kazakhmys Energy» ЖШС БЖЭО жұмысын жақсартып қана қоймай, ластаушы заттарды азайтуға тиіс. Ол енді, алдағы уақыттың еншісінде.

Бастысы, қазіргі уақытта қаладағы жылу қалыпты беріліп отыр.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Балқаш
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button