Руханият

Қырық қасық су құт болған…

Әр ұлттың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылымының ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың адам өмірінде алар орны ерекше. Дүние есігін шыр етіп ашқаннан жер қойнына кіргенге дейін жасалып, сол арқылы адамның, адамның ғана емес, тұтас ұлттың болашағы айқындалып қана қоймай, тіпті, осы арқылы өзара қарым-қатынас та реттелген. Қарап отырсаңыз, медицинаның өзі жоққа шығармайды ғұрыпты. Басқаша айтқанда, өз тілінде өзгеше түсіндіреді. Сайып келгенде, екеуінің де көздегені – біреу. Сондай ғұрыптың бірі – баланы қырқынан шығару.

Жалпы, 40 санының киесі бар деген қазақтың ғұрыптарының дені осы санмен байланысты. 40 күнде бір тамшы ұрық қанға, 40 күннен кейін сүйекке айналса, 40 күннен кейін ет пен сүйекке жан бітеді. 40 күнде шақалақтың сезім мүшелері дамып, 40 аптада дүниеге келеді. Содан соң, салт бойынша нәрестені қырқынан шығарып, қырық түрлі тілек айтып, қырық қасық суға шомылдырады. Ал, үлкендер бала қырқынан шықпайынша бұл дүниенің өкілі емес деп есептейді.

Шынында да, бала қырқынан шыққаннан кейін жан-жағына көз салып, ширай түседі. Мазасыздығы басылып, ұйқысы да тынышталады. Сондықтан, бұл дәстүрге бейжай қарауға болмайды.

Көпбалалы ана Бибігүл Смаханова қазақтың жөн-жоралғысының барлығы ұлттық дәстүрмен біте қайнасып жатқанын айтады. Ортасына сыйлы, тілеуі түзу алтын құрсақты ана өзінің немерелерін айтпағанда, бұған дейін талай баланы қырқынан шығарған.

– Баланы қырық қасық суға күміс тиындар салып түсіреді. Қырық түрлі тілек айтқаннан кейін тырнағы мен қарын шашы алынады. Сәбидің тырнағын аяқ баспайтын жерге көміп тастайды. Ал, қарын шашты шүберекке тұмарша етіп түйіп, баланың оң иығына қадайды. Қазақта «қарын шаштың қарғысы қатты болады» деген түсінік бар, – дейді ол.

Жалпы, бұл жерде «Ібіліс бей-берекет шашалып жатқан шаш қылынан тон тоқып киеді екен» деген аңыздың астарында тазалық бар екені белгілі. Ал, қарын шашын сақтап қойып, кейін өзіне тұмар қылып тағып берген баланы Ібіліс тура жолдан тайдыра алмайды деген сенім де бар. Ал, бұл жерде баланың санасына сенім ұялату, яғни, жаман әдеттерден бойын аулақ ұстау мақсаты болуы керек.

Медицинада да дүниеге келген сәби 40 күнге дейін ерекше күтімде болуы керектігі айтылған. Тұрғылықты мекенжайы бойынша емхананың педиатры, болмаса медбикесі күн сайын ана мен баланың қал-жағдайын біліп, назарда ұстайды. Жалпы, әр адамның микробиомы әр түрлі. Ол тұрғылықты жеріне, тамақтану ерекшелігіне және тағы басқа да бейімдеріне байланысты. Перзентханадан шыққан сәби денесі де үй жағдайына, ата-анасының денесінде өмір сүретін микрофлораның алуан түріне біртіндеп бейімделеді.

Алтын ТӘТИЕВА, педиатр:

Жаңа туған нәрестенің орталық жүйке жүйесі уақыт өте келе дамиды. Ал, ми қыртысының қозу процестері тежелу процесінен басым. Жаңа әсерлерге тап болған сәбидің жүйке жүйесінде шамадан тыс қозу пайда болады. Салдарынан бала мазасызданып, ұйқысы қашады. Сондықтан, осы уақыт аралығында сәби ғана емес, анасы да ерекше күтімде болуы керек. Ал, қонақ күтемін деп жүріп, баласы мен анасы арасындағы көзге көрінбейтін ерекше байланысты орнату сәтін өткізіп алсаңыз, ол болашақта баланың денсауылығына кері әсерін тигізуі мүмкін.

Демек, сәби өмірінің алғашқы 40 күнінде ерекше күтім жасап, сән-салтанатымен қырқынан шығаратын қазақтың ғұрпы жайдан-жай емес. Ана мен бала арасындағы ерекше байланыс та осы кезде орнамай ма?! Сәбиіне ерекше мейірленген ананың да, сол мейірімге молынан шомылған баланың да болашақта дені сау болары сөзсіз.

Өмірінің алғашқы күнінде ана мейіріміне қанықпаған бала «бесікте жатып шетінеуі» (смерть в колыбели) мүмкін дейді дәрігерлер. Әлі күнге дейін ғылыми дәлелі табылмаса да, әлем дәрігерлері осындай тұжырымды жоққа шығармайды.

Ендеше, қырық қасық су құт болған, 40 қабырғасын бекітіп, 30 омыртқасын қатайтатын қырқынан шығару ғұрпына бейжай қарамаған абзал. Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы емес пе?!

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button