Руханият

«Қырдағы ел, ойдағы елмен араласып…»

Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасында Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамын тойлауға арналған «Наурыз шуағы» тұжырымдамасы аясында 14 наурыз – Амал мерекесіне арналған рухани шара өтіп, дастархан жайылды.

Сурет: ұйымдастырушылардан

Наурыз – береке, бірлік айы. 14 наурыз елімізде Наурыз мейрамының басы – Көрісу күні тойланады. Бұл мейрамды Амал мерекесі деп те айтады.

Көрісу – жаңару мерекесі, адамдарды бір-біріне жақындастыратын ұлттық салт-дәстүр десек, артық емес. Қазыналы көнекөз қариялардан бата алып, құрмет көрсету – Амал мерекесінің басты рәсімінің бірі. Бұл күні адамдар бір-бірінің үйіне барып, қол алысып, құшақтасып амандасады. Шаттық пен қуанышқа, ақ бата мен молшылыққа толы бұл мереке көтеріңкі көңіл күйге ұласады. Мәре-сәре болған жұрт осы қарқынмен түркі халықтарының Жаңа жылы – 22 наурыз мерекесін қарсы алады. Көрісу күніне арналған көрікті іс-шара «Әдемі-ай» ансамблінің орындауындағы қазақтың «Шашу» биімен басталды.

Көрермен ретінде шараға Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің, «Bolashaq» жоғары колледжінің, Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің, Қарағанды медицина университетінің, Қарағанды экономикалық университетінің студенттері және кітапхана қызметкерлері шақырылған.

Кітапхана басшысы Нұргүл Қасымханқызы жиылған жұртты аталған мерекемен құттықтап, Қоян жылының табысты, берекелі жыл болуын тіледі.

Шараға Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы-журналист Сүйіндік Жанысбай және телевизия саласының ардагері Нұрғайын Әліпбекова қатысып, жастарға халқымыздың салт-дәстүрінің тәрбиелік мәнісі бар жөн-жоралғыларды көрсетіп, бата берді. Кітапхана жанында жұмыс істейтін «БОТА» жастар интеллектуалды орталығының жастары әуелете әсем ән салып, мың бұрала би биледі. Ұлттық нақыштағы сәнді киімдері кештің көркін кіргізіп тұрды.

Хакім Абайдың: «Қырдағы ел, ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, мауқын басып» деп жырлағанындай, сұрақ-жауап түрінде еркін форматта өрбіген жиында түрлі келелі әңгіменің тиегі ағытылды.

Жәлел ШАЛҚАР,

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button