Жезқазған

Ынтымақ ұясы

Бұдан екі жарым жыл бұрын есігін айқара ашқан рухани, қоғамдық және ұлтаралық келісім орталығы бүгінде ынтымақ ұясына айналған. Тұрғындар Достық үйі атап кеткен ол ұлтаралық татулық пен сыйластықты насихаттау арқылы қала өміріндегі достық пен бірлікті нығайтуға бағытталған небір маңызды ісшараның ұйтқысы болуда.Шуақты шаңырақ астына кереге жайып, уық болып шаншылған орыс, украина мен татар­башқұрт этно­мәдени бірлестігі, кәріс, неміс, өзбек және балтық халқының бастамашыл тобы ұлттық құндылыққа құрметпен қарауды, салт-дәстүр дәріптеуді достық дәнекері деңгейіне көтерген. Кез келген ісшарада ұлтаралық келісім кестеленіп, тату­тәтті ғұмыр кешудің өзегі – ауызбірлік алтын арқау болып өріледі.

Ынтымақ ұйыған жерге ырыс үйір келеді, жақсылық жақын жүреді. Меценаттар клубы қызметі соған дәлел. Ол 2018 жылы көктемде “Мейірім шуағы” акциясын өткізіп, айрықша күтімді қажет ететін баласы бар отбасыға 2 бөлмелі пәтер сыйлады, ерекше қабілетті 45 балаға 50 мың теңгенің сертификатын тапсырды. Күзде акцияны қайталап, 14 бала тағы 50 мың теңгелік сыйақы алды. Былтыр бұл үрдіс сәтті жалғасын тапты. Қала күні бір пәтердің кілті мен 50 мың теңгелік 13 сертификат салтанатты жағдайда иесін тапты. Меценаттар мұнымен шектелмей, тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыға ұдайы көмек қолын созып отырады.

Бұдан бір жылдан астам уақыт бұрын қала басшысы Асқар Ыдырысовтың қолдауымен құрылған QAMQOR әлеуметтік қолдау орталығы қиын жағдайда қалған, жалғызбасты, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетуге кірісті. Психологиялық, құқықтық және медициналық жәрдем жасап, өмірге жаңа көзқараспен қарауына, жұмысқа орналасуына ықпал етті. Әлеу меттік орталықта 4 жатын бөлме мен асхана, кітапхана, ART-studio, балалардың ойын бөлмесі, психолог, заңгер, медбике бар. «Ана қорғаны» белсенділер тобы, «Жақсылық жасау» бекеті жұмыс істейді.

Былтыр ақпанда қарттарға арнап ашылған «Белсенді өмір сүру» орталығында зейнетке шыққан ата­әжелер шахмат, дойбы ойнап қана қоймай, аптасына 3 рет қазақтың «Айкүне» гимнастикасымен және бимен айналысады. Ал, шілдеде жұмысын бастаған «Отбасын қолдау институты» отбасылық құндылықты санаға сіңіру, жанұя мәртебесін көтеру бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. «Қазақша сөйлесейік» үйірмесі мен «Толқын» халықтық би ансамблі қысқа мерзімде көпшіліктің көзайымына айналып үлгерді. Жазда DOSTYQ MEKENI балалар лагері жұмыс іс теді. Төрт маусымда 120 бала демалысын пайдалы да қызықты өткізді.

Этно­мәдени ұйымдардың тыныс­тіршілігі мен салт­-дәстүрінен, тарихынан сыр шертетін мұражай, түрлі тақырыптағы кітаптар топтастырылған заманауи үлгідегі OPEN ROOM кітапхана, терең талғаммен безендірілген мәжіліс залы қала тұрғындарының ортақ игілігіне айналған. Ынтымағы жарасқан Достық үйі әлі талай ілкімді іске ұйытқы болатыны күмәнсіз.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Басқа материалдар

Back to top button