Ғылыми еңбек – ағылшын тілінде
Түркияның Анкара қаласында «Тарихи эпос поэтикасы» деп аталатын ғылыми еңбек ағылшын тілінде жарық көрді. Монография авторы – Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті филология факультеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Берік Рахымов.
Ұлттық фольклорды көптен бері зерттеп-зерделеп жүрген ғалымның бұл еңбегі алғашқыда «Қазақ тарихи жырларының поэтикасы» деген атпен Алматыда басылып шыққан. Осының негізінде ықшамдалып, шет елде бүкіл түркі дүниесінің оқырмандарына ортақ қып, әлем тілінде жарияланып отыр.
Жалпы алғанда, тарихи жырлар – өткен замандардың, дәуірлердің шежіресі-жылнамасы іспетті. Сол жылыстап жатқан уақыттың айнасына айналған тарихи жәдігерлерді қайта жаңғыртып, бүгінгі hәм ертеңгі ұрпаққа жеткізудің төте жолы осы ғылыми еңбектер болса керек. Ғылыми еңбектің ең артықшылығы – дәлелдермен, тарихи деректермен сөйлейді, мұрағат-мұражайлармен біте қайнасады.
Кеңес дәуірінде бұл тақырып жабық болғандықтан, көп нәрсе айтылмай келді. Шындық пен ақиқат алыста қалды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана тарихи жырлардың айы оңынан туып, жарыққа шыға бастады. Зерттеп-зерделеу де қолға алынды. Міне, аталмыш ғылыми еңбектің де қозғап отырғаны осы жайлар. Яғни, тарихи жырлардың тарихына үңіліп, эпос табиғатына тоқталған.
Ендеше, әлемдік тілде жарыққа шыққан ұлттық құндылықтар жайлы жаңа жинаққа ақ жол тілеп, құтты болсын айтамыз!
Әлімжан ЖАҚАН,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті,
журналистика кафедрасының аға оқытушысы