Ресми

Қылмыскердің түзелуге хақы бар

Жаза басып, қылмыс жасағанның да жазасын жеңілдетуге құқығы бар. Бұл – Қылмыстық, Қылмыстық процестік жəне Қылмыстық атқару кодекстерінің нормаларымен реттеледі. Бірақ, жазасын өтеушілердің бəріне бірдей қолданылмайды. Мəселен, кəмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасағандар, адамдардың қаза болуына əкеп соққан не аса ауыр қылмыс жасаумен ұштасқан террористік немесе экстремистік қылмыс үшін сотталғандар, сондай-ақ, қылмыстық топтың құрамында жасалған қылмыс үшін бас бостандығынан айырылғандар мұндай ізгілікке үміттене алмайды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мəслихатында Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық сотының төрағасы Ертай Тынысов мəлімдеді.

Жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен алмастыру мəселесі Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық-процестік жəне Қылмыстық-атқару кодекстерінің нормаларында белгіленген тəртіппен шешілетінін айтады Ертай Құрмашұлы. Мəселен, Қылмыстық кодекстің 73-бабының 1-бөлігіне сəйкес, ауырлығы аз, орташа немесе ауыр қылмыстар үшін бас бостандығынан айырылғандар қылмыспен келтірілген залалды толық өтеуі тиіс. Одан бөлек, жазаны өтеудің белгіленген тəртібін де қасақана бұзуға болмайды. Осындай жағдайда ғана сот жазаның қалған өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен алмастыруы мүмкін. Бұл ретте адам өмір бойы тағайындалған жазаларды қоспағанда, жазаның қосымша түрін өтеуден толық немесе ішінара босатылуы мүмкін.

– Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінəлі деп танылған адамға сот бас бостандығынан айыру жазасын тағайындайды. Бұл ретте тағайындалған жаза сотталған адамның түзелуіне ықпал етіп қана қоймай, азаматтың қоғамға тезірек оралуына ынталандыруы тиіс. Жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне алмастыру мүмкіндігі сотталғандарға оң əсер етеді. Олар қалыпты өмірге оралу үшін жақсы жаққа өзгеруге ұмтылады. Басқаша айтқанда, жазаны жеңілдету қылмыстық заңнамаға енгізілген ізгілік көріністерінің бірі, – деді Ертай Тынысов.

Жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру Қылмыстық кодекстің 73-бабының 2-бөлігінде көрсетілген белгілі бір мерзімдерді нақты өтегеннен кейін қолданылады. Яғни, сотталған адам онша ауыр емес жəне ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшiн – жаза мерзiмiнiң кемінде төрттен бірін, ауыр қылмысы үшiн жаза мерзiмiнiң үштен бірін іс жүзінде өтегеннен кейiн ғана өтелмеген бөлік неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстырылуы мүмкiн.

Ертай Құрмашұлы жазаның өтелмеген бөлігін ауыстырған кезде айыппұл салынуы мүмкін екенін айтады. Мəселен, бір айлық есептік көрсеткіш 3450 теңге болса, бұл сома бір күн бас бостандығынан айыруға тең. Бірақ, жазасын өтеуші қылмыспен келтірілген залалды толық өтемейінше жаза да жеңілдемейді.

Ал, кəмелетке толмаған сотталғандарға қатысты сот бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындайтынын айтады Ертай Тынысов.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button