Жаңалықтар

Танкіші қыздардың беймәлім тағдыры

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, ерліктің ғаламат үлгілерін көрсеткен баһадүрлеріміз қаншама. Есімдері  ел жүрегінің төрінен орын алған қаһармандар қатарында өшпес ерлік жасап, өлмес даңққа бөленген жандар да аз емес. Ерлігі еленбей қалып, әділ баға берілмеген жаужүректеріміз де бар. Солардың қатарында майдан даласында қашан да ар-намысты бәрінен биік ұстап, ел үшін соғыс отына шарпылған қарағандылық қаhарман танкіші  қыздарды атағанымыз жөн. Соғыс кезінде «Т-34» танк экипажы қазақ қыздарынан құралғаны туралы көп айтыла бермейді. Олар – экипаж командирі әрі көздеуші кіші сержант Жамал Байтасова, оқтаушы-атушы Күлкен Тоқбергенова, механик-жүргізуші Күлжәмила Талқанбаева, радист-пулеметші Жәмила Бейсенбаева. Неміс басқыншыларынан жау қоршауында қалған жерлерді азат ету жолында жан аямай шайқасқан қазақтың қайсар қыз­дарын Кеңес үкіметінің елеусіз қалдырғаны әлі күнге көңілге алабөтен күдік ұялатады…

Сурет: qaz.sarbaz.kz сайтынан

Танкіші қыздар туралы сержант Топай Жүнісов «Советтік Қарағанды» газетінің 1944 жылғы 22 тамыздағы санында «Танкіші қазақ қыздары» деген мақаланы жарияламағанда, мүлдем білмейтін де едік. Мақаланың мәтініне мән берсек былай деп жазылады. «Қыздар аз уақытта соғыс техникасын меңгеріп, танкіші-механик, атқыш және даңқты барлаушы болған. Солардың бірі – омырауында «Батырлығы үшін» медалі жарқыраған экипаж командирі, кіші сержант Жамал Байтасова. Сөзге шешен, іске шебер, жауынгер Жамал қаладан немістерді жөңкілте қуды. Литваның сәулетті қалаларын неміс-фашист басқыншыларынан азат ету барысында жендеттерді аяусыз талқандады. Осы құрамдағы Күлкен Тоқбергенова жаудан «тіл» әкелетін барлаушы болды. Барлау жұмыс­тарында командованиенің тапсыр­маларын батырлықпен орындағаны үшін үш рет марапатталған. Бөлімшедегі танкіші қыз Күлжәмила Талқанбаеваның ерлік істері де ерекше көзге түседі. Олардың ішінде радист, пулеметші Жәмила Бейсенбаева да өз қызметін жақсы атқарды. Танкіші қыздар бір күнгі ұрыста жаудың бес атыс ұясын жойып жіберген». Бұл мақаланы сержант Топай Жүнісов майдандағы 28054-0 дала поштасынан жібергендігі сол кездегі «Советтік Қарағанды» газетінде тайға таңба басқандай жазылған.

Бізге жеткен тарихи дерекке сүйенсек, соғыста бар-жоғы 20 танкіші әйел болған екен. Бірақ, олардың тізіміне төрт қазақ қызының есімдері енгізілмеген. Бізді таң қалдырғаны, қазақтың өрімдей төрт қызынан құралған танк экипажы майдан даласында жаумен шайқасқаны жайлы деректің барлығына қарамастан ескерілмеуі, олардың ерлік жолдары жабық күйінде қалғандығы. Осы әділетсіздікке төзбеген майдангер-жазушы Қалмұқан Исабаев «Қазақ әдебиеті» газетінің 1975 жылы 9 мамырдағы санында «Қайда екен, қайда сол батыр қыздар?» атты мақаласын жариялаған. Жазушы төрт танкіші қазақ қыздарының Балтық бойындағы шайқастарда қаза тапқанын және танитындары болса, газет редакциясына хабарласуын сұраған көрінеді. Алайда, ешкімнен батыр қыздарымыз жайлы хабар алмаған екен.

Бір айта кетерлігі, 1942 жылы маусым айында КСРО Қорғаныс Наркомының №0459 бұйрығы шығады, онда адам ресурстарының жетіспеушілігіне байланысты бронды техника әскерінің қатарына әйелдерді де алуға рұқсат етті. Сол кездің өзінде қарағандылық қыздар Күлкен Тоқбергенова, Күлжәмила Талқанбаева, Жәмила Бейсенбаева мен Жамал Байтасованың танк экипажына қажетті әскери мамандарды дайындайтын қысқа мерзімді курста жолығып танысуы, сол кезде төртеуі естелік фотоға түсуі, батыр қыздарымыз туралы, өкінішке қарай, жалғыз ғана дерек болып қалып отыр. Қалған құжаттар сақталмаған. Тек курсты жүргізген кіші лейтенант Осиповтың төрт қызымызға танк экипажы бола алатыны туралы рапорты ғана сақталған. Онда: «Экипаж жедел курсты жақсы меңгерді, танкінің техникалық жағдайына қарап,  жөндей алатын дәрежеде. Тактикалық әдіс нұсқауларды, топографиялық карта бойынша ориентация жасауды өз дәрежесінде біледі. Қашықтықтан және жақыннан ату полигонында да үздіктер қатарында болды» делінген.

Одан кейін, қарағандылық қа­­ламгер Қанат Кәреновтің 2022 жылы жарық көрген «Қарлығаштар оралар ма?» атты кітабында танкіші қыздар жайлы мағлұматтар беріледі.

Қаламгер кітабында Жамал Байтасова соғыс басталғаннан  майданға өз еркімен бару үшін әскери комиссариатқа бірнеше барып өтініш бергендігін, ақыры тракторшылар курсын бітіргендігін алға тартып, танкист атанғысы келетінін жеткізгенін баяндайды. Жамалдың трактор бригадасының бригадирі болғанын, әкесі Асан оны жалғыз өзі тәрбиелегенін атап өтеді. Әкесі де майдан даласына аттанғанын және әкесіне жазған мына бір хатын қағазға түсірген.

«Әке, біз жауды міндетті түрде жеңеміз, сосын үйге ораламыз. Мен осыған уәде беремін! Сіз білесіз, менің уәдеге берік еке­німді. Онымен қоса, мен жалғыз бара жатқан жоқпын, қасымда үш сіңілім бар. Енді. Төртеу болдық! Қатты қысып, құшақтап, бетіңізден сүйдім! Қызыңыз Жамал» делінген хатта.

Ал, Күлкен Тоқбергенованың әкесі Есентай балуан, атақты аңшы, бүркітші болғанын әңгімелеп, үкімет қысастық жасаған байлардың малын айдап қашырысуға көмектесемін деп сол күйі оралмағандығын тілге тиек етеді. Күлкенді анасы Сәлима өсірген. Анасы Айшаның жақын сіңлісі Амина Күлкенді асырап, ел қатарына қосады.

Жәмиланың ата-анасына жазықсыз жала жабылып айдауда жүріп дүние салады.

Күлжәмила да жастай жетім қалған. Әкесі Қарсақбай мен анасы Бәну кәмпескелеуге келген отряд сарбазының қолынан жазым болады. Бәнудің  туған бауыры Олжабай өзінің 4 баласымен қатар Күлжәмиланы асырап, оқытқан екен. Осындай тағдыры ауыртпалыққа толы қазақ қыздарының қайыспай жауға төтеп бергендігі баяндалады.

Конструктор Кошкиннің сол кездегі озық техникасы болып табылатын «Т-34» танкісін азиялық ұлт өкілі – қазақ қыздарының игеруі, олардың екінші Дүниежүзілік соғыстағы ең үлкен Курск шайқасы кезіндегі Прохровка түбіндегі екі жақтан мың жарым танктің шайқасына қатысып, аман шығуын үлкен ерлікке баламай көріңіз, қанекей. Сөзіміз жалаң болмас үшін сержант Топай Жүнісовтің шағын репортажына көз жүгіртейік. «Литваның бір шаhарын жаудан азат ету жолындағы ұрыста немістің ондаған солдаттары мен офицерлерінің өлекселерін таптап, көп олжаларын ортаға түсірдік. Командованиенің бұйрығын абыроймен орындап, танк бөлімінің алға басуына  жол аштық», – дейді  Күлкен өз әңгімесінде. Бірнеше танкке жол ашқан қазақ қыздарының ерлігі ойымызды қуаттай түседі. Майдангер төрт қыз туралы хабар да тым мардымсыз, там-тұмдап қана сақталған. Бір деректе олар 1944 жылы желтоқсанның басында қаза болды дейді. Енді бір деректе төртеуі де хабар-ошарсыз кеткен деп те келтіреді. Қарағанды облыстық мұрағатының мәліметінше, 1942 жылы облысымыздан соғысқа 50 қыз-келіншек өз еркімен аттанған. Сонымен қатар, «Қазақстан тарихы» порталында жарық көрген мақалада журналист Дина Игсанова танкіші қыздардың экипажы Прибалтикадағы шайқаста қаза тапқаны туралы жазған.

Алапат айқаста анталаған жау­ға оқ жаудырған 4 қаһарман ақыр­ғы демі біткенше ерліктің мәңгі өшпес үлгісін көрсеткен. Ентелей келген дұшпанға қырғын майдан ашып, қайта-қайта шабуылға шыққан басқыншыларды баудай түсірген батырлар туралы бізге жеткен мәлімет осы ғана. Алда талай танкіші  қыздар туралы танымдық мақалалар жазылып, зерттеулер жүргізіледі деп сенім артайық. Біздің батыр қыздарымыз жаңбырша жауған оқ пен қарша бораған бомбаның арасында жүрді. Олардың нәзік жүректері тасқа айналып, гүл ғұмырлары ажалдың қанды тырнағына ілікті. Сол бір сұрапыл жылдары өзінің Отанына, жеріне деген патриоттық сезімін, ұлттық мақтанышын дәлелдеді. Отан үшін отқа түскен жандарды мәңгі есте қалдыратындай кино түсіріп, Қарағанды қаласының қақ ортасынан ескерткіш орнатсақ, жерлестерімізді есте сақтау үшін, ұрпаққа ескертіп тұру үшін атқарылатын ұлағатты іс болар еді.

Нұрдос КӘРІМ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button