Ресми

Құқығыңды білсең, қам жеме

Кейде азаматтардың электронды дүкеннен сатып алған затына көңілі толмай жатады. Мәселен, белгілі бір затқа тапсырыс береді. Ал, жеме-жемге келгенде тауар сайт сөресіндегі сипаттамаға сай келмейді. Сапасы, саны немесе көлемі олқы болады дегендей. Тұтынушы виртуалды дүкен әкімшілігімен байланыс орнатуға талпынатыны сөзсіз. Алайда, көпшілігінің маңдайы тасқа тиетіні анық. Осы тұста оларға Қарағанды облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті көмекке келеді.

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Қарағанды облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Әлия Кулагина былтыр атқарылған жұмыс туралы есеп берді. Департамент басшысының айтуынша, электронды сауда мен бөлшек саудаға қатысты шағым жиі түседі екен. – Бүгінде сауда саласында арыз-шағым көп. Әсіресе, электронды сауда мен бөлшек саудада. Тұтынушылар өнімде немесе қызметте өзі қалаған нәтиженің болмауынан, сатушы немесе қызмет көрсетушінің өз қызметіне атүсті қарауынан мемлекеттік органдарға жүгінуге мәжбүр. Бұлардың қатарында жеке қызметтер, косметикалық қызметтер, сондай-ақ, жиһаз және пластикалық терезе жасау, радиотехника, автокөлік жөндеу станциясының қызметі, киім-кешек, аяқ киім тігу және жөндеу, техникалық тұрмыстық машиналар мен жабдықтарды, теледидар, бейне және радиоаппаратураларды жөндеу бойынша шағымдар жиі түсетінін атап өтуге болады, – дейді Әлия Қажыкенқызы.

Байланыс қызметтерінің сапасына көңілі толмағандар да департаментке шағымданады. Бұдан бөлек, департамент тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласы бойынша да арыз қабылдайды. Мәселен, коммуналдық мекемелер су, электр, газ жеткізуде кемшілік жіберсе, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кооперативтері міндеттемелерін орындамаса, тариф қымбаттаса, негізсіз есептелсе, департамент іске кіріседі.

Былтыр департаментке 3561 өтініш түскен. Арыз-шағым айтуда қарағандылықтар белсенді. Басым бөлігі – 70 пайызы Қарағанды қаласына тиесілі. Теміртаудың үлесі – 20 пайыз. Қалған 10 пайызы – өзге өңірлердің еншісінде.

Сондай-ақ, департамент жоспардан тыс тексеру жүргізіп тұрады. Былтыр 26 тексеру өткізген.

– Мысалы, департамент тұтынушылардың өтініштеріне сай, ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 13-тарауын басшылыққа алып, тұтынушының заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында тексеру тағайындады. Ірі кәсіпкерлік нысаны – «КФ» KAR-TEL» ЖШС тұтынушылардың талап-арыздарына жауап бермей, олардың құқықтарын бұзған. Осы дерек бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген бап негізінде бұйрық пен ескерту жасалды. Сондай-ақ, тұтынушылардың құқығын бұзған төрт ірі кәсіпкерлік нысан әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 765 750 мың теңге айыппұл салынды, – дейді департамент басшысы.

Ал, брифингке қатысқан тағы бір спикер «Қазақстан» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының төрағасы Надежда Мубаракшина азаматтар өздерінің салғырттығынан сан соғып қалатынын айтады.

 – Жасыратыны жоқ, көпшілігіміз кейде базардан сауда жасаймыз. Жеміс-жидек, көкөніс аламыз. Бірақ, төлем түбіртегін сұрамаймыз. Ал, үйге барғанда жәшіктеп алған жеміс-жидегіміз үсіген, шіріген болып шығады. Қайта барсаңыз, саудагер бет қаратпайды. Дегенмен, ол 14 күн ішінде қайта алып келген тауарды қайта қабылдауға міндетті. Сіз тұтынушы құқығын қорғайтын ұйымға хабарласқаныңызбен, пайда болмайды. Өйткені, сізде жемісті нақты сол саудагерден алғаныңызды растайтын түбіртек жоқ. Сондықтан, алданбаймын десеңіз, түбіртек сұрауды әдетке айналдыру қажет, – дейді Надежда Семеновна.

Тағы бір спикер Қарағанды облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Әсел Сахариева тұрғындар үшін маңызды ақпаратты атап өтті.

Сауда және интеграция министрлігінің қаулысымен бұрын Қарағанды облысы бойынша сауда департаменті және Қарағанды облысы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті деп аталып келген қос департамент жыл басынан бері біріктіріліп, Қарағанды облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті деп қайта аталғанын жеткізді. Бүгінде бұл департамент облыс орталығындағы Гоголь көшесі, 34-құрылыс мекенжайында орын тепкен.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button