Ұлы Жеңіске - 75 жыл

Вера ХОРУЖАЯ

Вера Захаровна Хоружая 1903 жылы 27 қыркүйекте Беларуссияның Бобруйск қаласында туды. Он жеті жасынан комсомол мүшесі болып, 1921 жылы комммунистік партияның қатарына өтті. Ол 1924-1932 жылдары жасырын істеген Батыс Беларуссия Коммунистік Жастар Одағы Орталық Комитетінің хатшысы және Польша Коммунистік Жастар Одағы Орталық Комитетінің мүшесі болды. 1941 жылдан Витебщинадағы жасырын партия ұйымы басшыларының бірі болып істеді.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1960 жылғы 17 мамырдағы Жарлығы бойынша революциялық қызметке белсене қатысқаны және Ұлы Отан соғысы жылдарында неміс-фашист басқыншыларына қарсы күресте ерлік көрсеткені үшін Вера Захаровнаға (қаза тапқаннан кейін) Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Батыс Двина жағасында, Витебскінің дәл ортасында тұрған станок жасау зауыты алыстан-ақ көзге түседі. Зауыттың әкімшілік корпусының астыңғы қабатына облыстық, өлкелік мұражайдың филиалы орналасқан. Бұл жертөледе қалыңдығы бір метрден астам қабырғалармен бөлінген аласа да ұзын тас қаптал бар. Олардың бұрыш-бұрыштарындағы қараңғылықты электр шамының жарығы да сейілте алмайды. Түскен көлеңке қабырғадан төбеге жылжып, бажырая зораяды.

Міне, осы бір тас қапасқа белорусь халқының даңқты қызы, ержүрек революционер, жалынды патриот Вера Захаровна Хоружая қамалды. Осындағы ондаған адам әркімге үңіле қарайды. Төбеге таяу жерге «Хоруж…» деген сөз жазылған. Көрініп тұрғандай, сөз аяқталмаған. Бәлкім ол жазылып жатқанда жер асты карцерінің жендеттері есік алдына келіп тұрған болар. Адамдар бұл жазудың алдында бас иіп тұрып, Вера Захаровнаның және неміс-фашист басқыншыларына қарсы тайсалмай өзімен бірге күрескен оның достарының жарқын бейнелеріне тағзым етеді.

Вера Мозырьдағы әйелдер гимназиясында оқыды. Ақ поляктардың әскері 1920 жылы наурызда Мозырьды басып алды. Сондықтан гимназист Вераға Рогали деревнясындағы диірменшіге батрак болып жалдануына тура келді. Бұл кездегі жағдайды жақсы біліп қалған Вера жастар арасында саяси-үгіт жұмысын жүргізді. Қызыл Армия 1920 жылы маусымда Мозырьды азат еткеннен кейін ол селолық мектепке мұғалім болып орналасты. Вера Захаровнаның ондаған жыл өмірі Белоруссия мен Польша жастарының арасында өтеді. Бұл туралы ол өзінің «Бостандыққа хат» деген кітабында («Молодая гвардия» баспасы, 1931 ж.) жақсы жазған.

Вера Захаровна 1935 жылы Қазақстанға келіп, жаңа құрылыс орны Балқашқа орналасады. Оның Балқашта болған жылдары туралы Балқаш кен-металлургия комбинатын алғашқы салушылардың бірі, «ЖЭО құрылыс» басқармасының бастығы Алексей Тимофеевич Хведанцевич былай деп жазады: «Вераны аудандық партия комитетіне нұсқаушы етіп тағайындады және көп уақыт өтпей-ақ оның есімі ыстық жүректі принципті партия мүшесі, сергек те сезімтал жолдас ретінде бүкіл «Прибалхашстрой» коллективіне белгілі болды».

ВКП(б) Прибалқаш аудандық комитетінің бұрынғы нұсқаушысы П.И.Малышев: «Оның өмірде қандай қиын жолдардан өткенін, жүрегінің партиялық іске терең берілгендігімен жалындағанын сонау алыс күндерде кім біле білген?! Мақсаткер, өзінің мінезі жағынан қайсар, ол сөйлеген кезде қатал бола алатын, сонымен бірге, көңілі сергек еді. Кімді болса да моральдық жағынан қолдай алатын» деп еске түсіреді.

В.Хоружаяны Балқаштың бірінші құрылысшысы, комсомол ардагері Иван Волков және басқалар жақсы біледі. Гитлершіл басқыншыларды жеңуге балқаштықтар да үлес қосты. Бірақ, олардың бәрі бірдей өз зауытына, өз ошағына оралмады. Вера Хоружая да оралмады. Белорусь партизандарының қатарында болған ол партияның жауынгерлік тапсырмасын орындай жүріп, 1942 жылдың күзінде жау тылында қаза тапты.

В.Хоружаяның есімі мәңгі есте қалдырылды. Минск мен Балқашта, Брест пен Қарағандыда, Бобруйск мен Гроднода, Быховка мен Пинскте, Могилев пен Тульчинде, Мозырь мен Вольскде, Гомель мен Новогрудкада, Витебск мен Коевсоведа, Телеханы мен Бычихада көше аттары В.Хоружаяның есімімен аталады.

В.Хоружаяның ескерткіш бюсті, оған арналған мемориал тақталар Мозырь, Бобруйск, Прудана, Балқашта, көптеген мектептер мен кәсіпорындарына және жоғары оқу орындарына қойылған. Вера Хоружаяның есімі балқаштықтарға өте қымбат, олар Вераны «Өзіміздің жерлесіміз» деп орынды мақтан етіп, айрықша қадір тұтады.

(«Қаһарман қарағандылықтар – Герои-карагандинцы» жинағы негізінде әзірленді).

Басқа материалдар

Back to top button