Covid-19

Вакциналауда кідіріс жоқ

Емханалардағы вакциналау орталықтары демалыс күндері де істеп тұрды. Вакцинаға қатысты колл-орталықтан (номері 95-55-59) біліп алып, №5 емханаға бардық. Әжептәуір кезек бар екен. Емхана холында да, вакцина алар кабинеттердің алдында да адам отыр. Кезек әжептәуір. Басқа уақытта қолы босамайтындар осы күнді арнайы жоспарлап келгені анық. Кезекші дәрігер келушілерге не істеп, қайда бару керегін түсіндіріп жүр. Аракідік екпе алып шыққандарының да жағдайын біліп қояды.

Қазір бұл азайғаны, – дейді сол күнгі кезекші дәрігер Бибітгүл Садықова. – Таңертең ашылғанда 20 адам бірден кірді. Содан бері келушілер үзілген жоқ. Екі терапевтке кезек-кезек жіберемін. Емхананың учаскелік дәрігері Зиябек Торақұловқа жексенбідегі жұмыс таңсық емес. Дәрігер мұның алдында «Таир» сауда үйіндегі вакцина орталығында істепті.

Сауда үйлері жабық, емханада қабылдап жатырмыз. Қазір екпе алушылар көп. Күніне 250-300-ге дейін барады. Жұмыс ауысыммен. 14:00-ге дейін бірінші ауысым, кешке дейін екіншісі істейді. Негізі жұмыс сағат кешкі 19:00-ге дейін. Бірақ, соңғы адамды қабылдағанға дейін істейміз. Себебі, кейбір адамдар жұмыстан кеш шығып келеді, түсіністік танытамыз, – дейді Зиябек Садуллаұлы.

Дәрігердің айтуынша, дәріге аллергиясы бар адамдарды аллерголог мамандарға қаралып келуге жібереді екен.

Олар тексеріліп, вакцина алуға болатындығы туралы анықтама әкелуі тиіс. Мұндайда тәуекел жүрмейді. Қан қысымы көтеріліп тұрған адамдарға да осы жерде дәрі беріп, жағдайын біраз байқастаймыз, – дейді З.Торақұлов.

Дәрігердің қабылдауына қоларбадағы егде әйелді қызы мен күйеу баласы алып келгенін көрдік. Зиябек Садуллаұлы ол кісідегі қант диабетін ескеріп, «QazVac» салу қажеттігін айтса, балалары «Спутник V» салынғанын қалады. Жалпы, қазір мамандардың барлығы созылмалы ауруы бар кісілерге, қарттарға қазақстандық «QazVac»-ты көтеру жеңіл екенін ескертуде. Алайда, оны еш жерден таба алмайсыз қазір. Облыстың денсаулық сақтау басқармасы да вакцинаның келетін күнінен бейхабар. Қолда бары «Спутник V». Екпеге келгеннің бәрі соны салдырып жатыр. Және көбісінікі – бірінші компонент екен. Екіншісін алуға келгендер бірен-саран.

Балам – 18-де, бірінші дозасын алып отырмыз. Жолдасым да бүгін алды. Өзім бұрын алып алғам, – деді өзін Алмагүл деп таныстырған келуші.

«Қорыққан жоқсыз ба?» деп едім, «Созылмалы ешқандай ауруым жоқ, сондықтан, қорықпай алдым», – деді Үмітгүл Жұмабайқызы деген қала тұрғыны. – Адамдармен жұмыс істеймін, өзім үшін алдым. Керек деген соң, ойланып, басымды да қатырған жоқпын. Барлығын түсіндірді дәрігер, енді 1 тамыз келемін.

Иә, әркімнің жайы өзіне белгілі ғой. Біреуі жүрегім әлсіз дейді, аллергиям бар дейді, онкология, қандай да бір операция жасатқан тағысын тағы шыға береді. Екіойлы болатыны да сондықтан болар. Қанағат есімді азамат та сондай күйде еді сол күні.

Операциядан шыққанмын. Асқазанымда жара бар. Мен тіпті, ауруды басатын дәрілерді де көтере алмаймын, асқазаным ауырады. Енді қалай боларын білмеймін. Денсаулық менікі. Ертең кім жауап береді бірдеңе болса? – деп келісім парағын толтырмай, көп қарап отырды.

Солай жарты сағат жүрді.

Бұған дейін ауырған жоқпын ғой, осының керегі не? – деді маған бір кезде.

Бірақ, ауырып қалуыңыз мүмкін ғой, – дедім. – Жұқтырғандар көп қазір.

Ауырмауым да мүмкін ғой.

Бал ашып отырасыз ба енді осылай? Ол қорғайды сізді, жұқтырсаңыз да қатты ауырмайсыз, – деп мен де дәрігерлерден естігенімді айттым.

Кезегі келіп, терапевтке кірген ол кісіге өз учаскелік дәрігеріне барып, қаралып келуге кеңес беріпті. Ал, әйелі салдырып шықты.

Кезекші дәрігердің айтуынша, бірінші ауысымда 125 адам екпе алыпты. Аймақтың денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдегендей, жексенбі күні барлығы 2979 адам вакцина алыпты. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш артпаса, кемімейді.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button