Руханият

Әуенмен әлдилеген бес күн

Қарағандыда XXIII халықаралық «Әуенді Сарыарқа» фестивалі 10 қазанда жалауын көтеріп, 15 қазанға дейін жалғасты. Арқа төріне Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Ресейден, Германиядан және өзге де елдерден даңқты дирижерлер мен вокалистер келді. 4 күн бойы қарағандылықтар түрлі жанрдағы әнмен сусындады. Сонымен қатар, бұл фестиваль Тәттімбет атындағы академиялық қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің 35 жылдық мерейтойына орайлас­тырылып отыр.

Фестиваль кеншілер шаһарындағы «Жұлдыздар аллеясында»» басталды. Шетелден келген құрметті меймандар мен зиялы қауым өкілдері аллеяға арнайы барды.

«Шалқыма» концерт залында Қырғыз халық аспаптары оркестрі өнер көрсетті. Дирижері – Қырғызстанның халық әртісі Бақытбек Тілегенов. Солистері – халықаралық байқаулардың лауреаттары Айданек Эмильбекқызы, Ырыскелді Анарқұлұлы мен Рахматәли Сапарәліұлы. Айыр қалпақты ағайындар өз халқының асыл мұрасын Арқа жұртына паш етті.

Кеншілер мәдениет сарайында Ресейдің Калининград қаласынан келген солист, джаз байқауларының лауреаты Вероника Покровская ән шырқады. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Игорь Андрейченко дирижер болды.

«Шалқыманың» төрінде Еркеғали Рахмадиев атындағы академиялық симфония оркестрі ұлттық музыканы шарықтатты. Сол күні сахнада Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жәния Әубәкірова мен Германиядан келген мейман, Литва ұлттық сыйлығының лауреаты Давид Герингас жарқырады. Дирижерлікте – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Петр Грибанов.

Соңғы күні көрермен Тәттімбет атындағы ұлттық аспаптар оркестрінің өнерін тамашалады. Ташкенттен келген халық­аралық байқаулардың лауреаты Сардор Примов мен астаналық Салтанат Байжұманова ән шырқады.

«Той өтер, меймандар тарқар, бірақ, жыртығымыз жамалмас». Тәттімбет атындағы академиялық қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің бас дирижері Ерлан Бақтыгерей мерейтой аясында өнерпаздардың мәселесіне назар аударылса деген тілегін жеткізді.

– Біздегі ең басты мәселенің бірі – жалақы. Өнерпаздардың жалақысы өте төмен. Өздерінің қажыр-қайратын, дарынын ұлттық өнердің дамуына бағыштап жүрген ұл-қыздардың еңбекақысы өссе деген тілек бар. Мәдениеті дамымаған елдің болашағы бұлыңғыр. Ұлтымыздың ұлық музыкасын жандандырған азаматтарға жағдай жасау қажет, – деді Ерлан мырза.

Мұндай дүбірлі тойдың базары барда шарапаты да болуы қажет. Осы мәселе – көптің көкейінде.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button