Руханият

Әудем жердегі әуендер

Қарағандыдағы Кеншілер мәдениет сарайында қазақ ән өнерінің көрнекті өкілі, ақын, әнші әрі композитор Ақан сері (Ақжігіт) Қорамсаұлының туғанына 180 жыл толуына орай дәстүрлі ән орындаушылары арасында облыстық «Әудем жер» байқауы өтті. Оған Қарағанды, Теміртау, Балқаш қалалары мен Абай, Қарқаралы, Бұқар жырау, Шет аудандарынан 10 жастан 35 жасқа дейінгі 33 үміткер қатысып, бақ сынасты.

 

Үміткерлердің өнерін әнші, республикалық ән байқауларының лауреаты, Ержан Базарбеков, Тәттімбет атындағы өнер колледжінің оқытушысы Шыңғыс Сәрсенбай және қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәуренбек Әркенов бағалады. Олар орындаушылардың дауыс ауқымы және ұлттық аспапта ойнау шеберлігіне, сонымен қатар, мәтін сөзінің дұрыс айтылуы мен сахналық костюмдерге, сахна мәдениетіне баса назар аударды.

Орындаушылар сайысында үміткерлер 10-15 жас және 16-35 жас санатындағы екіге бөлініп, өнер көрсетті. Екі топта да Бас жүлдені қарағандылықтар жеңіп алып, «Арқаға келіп, әншімін деме» сөзінің рас айтылғанын дәлелдеді.

Кіші жас тобында төртінші сынып оқушысы Мағжан Мыңбаев топ жарып, өзіне тең қарсылас жоқ екенін көрсетті. Ал, I орын қарағандылық Аяжан Макееваға бұйырса, II орынға Балқаш қаласының тумасы Ренат Әбдібеков лайық деп танылды. III орын биігіне қарағандылық Айбек Қасымханов табан тіреді. «Байқау дипломанты» атағын қарағандылық Әли Бекболат иеленді. Сонымен қатар, кәсіпкер, меценат Нұрқанат Тұрабеков дайындаған арнайы жүлдені қарағандылық қос дүлдүл Алтынбек Жиенбаев пен Балжан Нұрғабденова алды.

16-35 жас санатында Бас жүлдені Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті, қарағандылық Рустам Жүсіпов иеленді. I орынды Салтанат Кеңес (Қарағанды), II және III орынды Абай ауданынан келген орындаушылар Бек Мыңбек және Баянды Төлеутай жеңіп алды. Облыстық байқаудың дипломы Аңсаған Сансызбаев (Қарағанды) пен Нұрбек Шабановқа (Шет ауданы) бұйырды. Бұл топта Нұрқанат Тұрабековтің арнайы жүлделері Қарқаралы ауданынан келген Тоғжан Секербаеваға және қарағандылық Ернұр Қабдрашқа берілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер байқаудың дипломдары мен ақшалай сыйлықтарына ие болды.

Ақан сері Қорамсаұлы – (1843-1913 жж.) қазақтың біртуар композиторы, тағдырлы таланттарының бірі. Соңына бай музыкалық және поэзиялық мұра қалдырған сан қырлы дарын иесі. Оның талғамы биік мұралары бірнеше буынға рухани азық болды, әлі де өскелең ұрпақты тәрбиелеп келеді. Ақан сері шығармаларының басым бөлігі опералық қойылымдарда пайдаланылатын әндер және қазіргі әртістердің репертуарында лайықты орын алады.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button