Жаңалықтар

Уақыттың өзі жаңа міндеттер жүктеуде

Биыл ел Тәуелсіздігіне отыз жыл толмақ. Тарих үшін ол бәлендей ұзақ мерзім емес, алайда біз еліміздің осынау аз уақыт ішінде асқан асқаралы асуларымен мақтанамыз. Өткенге – қанағат, бүгінге – тәубе дей отырып, келешекте білім саласында атқарылар істерге қатысты ойларымызды ортаға салмақпыз.

Егер УАҚЫТ – ҚОҒАМ – САНА – АДАМ ұғымдарының тұрғысынан үңілсек, бір жайт айрықша ден қоюды қажет етеді: ол – адамзат баласы жаратылғаннан бері оқу-білімнің ең асыл, ең баға жетпес құндылыққа айналуы. Тым әріге бармай-ақ Қайта Өрлеу дәуірінен бері қарай-ақ білім беру ісінің қаншалықты маңызға ие болғаны баршаға мәлім. Қазақ руханиятындағы ренессанс иесі Абай өзіне дейінгі ұлттық, әлемдік ақыл-ойды болмысына сіңіре отырып, сол оқу-білімнің арқасында ұлылық шыңына көтерілді. Рас, әр қоғамдық құрылым өз тарихында білім саласын өз идеяларына пайдалануға тырысты. Күні кешегі тоталитарлық тәртіп тұсындағы алапат өктем идеология бұл ойымызға дәлел. Бұл айтылғандар бүгінгі күн биігінен алғанда, жадыңды жай жаулап, ақ пен қараны айыруға алғышарттар жасайды, екіншіден, білім беру жүйесінде ең алдыңғы шептен көрінетін мәселенің мектеп мұғалімін даярлау ісі екеніне тағы да ерекше көзімізді жеткізеді. Аға буын өкілдері жақсы біледі, бұрындары жаңадан ашылған бөлімше, совхоз, аудан үшін ең бірінші қажеттілік мектеп болатын. Ал, үлкен қалалар мен облыс орталықтарында ең алдымен пединституттар ашылатын. Қандай мемлекет болса да, экономика, медицина, мәдениет, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп т.б. салалар үшін білікті мамандар даярлайтын оқу орындарын ашуға күш салатыны анық. Алайда, уақыт өте келе, қалыптасқан нақты жағдаятқа байланысты кейбір мамандықтардың қажеттілік тізімінен шығып қалуы да мүмкін. Сондай-ақ, жаңа мамандық ашу қажеттілігі туындайды. Ал, осынау қағидаға бағына бермейтін сала – білім беру жүйесі. Онда еш кідіріс жоқ. Ол – үздіксіз жүретін, тоқтауды білмейтін үдеріс. Рас, қазіргі нарық жағдайында қалаға қоныс аударушылар көбейгендіктен, ауылдық жердегі кейбір мектептерде қиындық туындағаны байқалады. Мұғалім кадрларын даярлау күн тәртібінде өткір түрде тұрғандықтан, елімізде бастапқы кезеңде педтехникум, қысқа мерзімді мұғалімдер институты көптеп ашыла бастады. Сәл шегініс жасайық. 1867-1917 жылдары қазақтардың біраз бөлігі Түркістан генерал-губернаторлығына қарады да, Қазан төңкерісінен соң Түркістан автономиясының (1918-1924 жж.) құрамында болды. Оқу Халық Комиссариатының шешімімен дербес педучилище ашылды. Бұл 1918 жыл болатын. Ол 1920 жылы Қазақ өлкелік халық – ағарту институтына айналды. 1928 жылы осы толыққанды пединститут Алматыға көшті. Бұрынғы ҚазПИ қазіргі Қазақтың Абай атындағы ұлттық педагогикалық университеті деп аталады. Демек, республикада ЖОО-ның пединститут боп ашылуы да көп жағдайдыаңғартса керек. Сол тұңғыш пединститутқа қамқорлық жасаған және оқытушы болған немесе сонан білім алғандар қатарында А.Байтұрсынов, Х.Болғанбаев, С.Қожанов, Ғ.Мұратбаев, Қ.Жандарбеков, Х.Досмұхамедов, Ә.Диваев, Ж.Аймауытов, М.Тынышбаев, М.Жұмабаев т.б. танымал жандардың болғаны мәлім. Ал, бұл жайт өз кезегінде мұғалім кадрларын даярлауға қаншалықты дәрежеде мән берілгенін аңғартады.

Республикада әр өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, халық шаруашылығының түрлі салаларына мамандар даярлау үшін политехникалық, ауыл шаруашылығы, медицина т.б. институттар ашыла бастады. Бұл үдеріс біздің Қарағандыға да тән болды. Бұрынғы тау-кен институты (кейінгі политехникалық институт, қазіргі техникалық университет), медициналық оқу орнынан бұрын басында мұғалімдер институты, кейіннен пединститутқа айналған оқу орны ашылған-ды. 1972 жылы сол пединституттың базасында қазіргі Е.Бөкетов атындағы университет ашылды. Олай болуы да уақыт талабы мен қоғамдық қажеттілік пен сұраныстан туындаған еді. Университет педагог мамандарды ғана емес, ғылыммен айналысатын мамандарды, сондай-ақ заңгер, экономист, кейініректе «кеден ісі», «ақпараттық жүйелер» т.б. мамандықтар бойынша кадрлар даярлай бастады. Недәуір уақыттан соң Қарағанды педагогтік институты қайтадан шаңырақ көтерді. Институттың аз ғана уақыт ішінде қуатты оқу орнына айналуы, материалдық-техникалық базасының нығаюы, білікті ғалым-оқытушылардың дәріс оқуы – бәрі де сол тұстағы ректор, аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері С.Досмағамбетовтің есімімен тығыз байланысты болып еді. Тоқсаныншы жылдардың басында осы пединститут ҚарМУ-мен біріктірілді.

Осы жерде екі мәселені айрықша атап өтуді өзімнің азаматтық парызым деп есептеймін: біріншіден, сол тұста Қарағанды педагогтік институты республикадағы алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі еді, онда бұрынғы кеңестік дәуірде дәуірлеп тұрған пединституттағы мамандықтармен қатар, мектептер үшін аса қажетті мамандықтар ашылған еді. Мамандықтардың саны, материалдық-техникалық база, ғылыми әлеует, профессор-оқытушылар құрамы ҚарМУ-дан бір де кем емес еді. Қос оқу орнының өзіндік ерекшеліктерін ескерудің кемшіндігі ме, неліктен екеуін біріктіре салғаны осы уақытқа дейін беймәлім. Сірә, сол тұсқа тән науқаншылдық әсер еткен шығар деген ойдамыз; бірден айтайын, алдағы уақытта қазіргі өскелең сұранысты ескеріп, қаламызда пединститут ашылса, оған аса ірі тұлға, танымал қайраткер С.Досмағанбетовтіңесімі берілуі керек деп есептеймін. Мектеп педагогтарын даярлау сұранысқа ие болғандықтан, кейінгі жылдары Қостанай, Павлодар, Тараз бен Шымкентте ашылған пединституттарды атар едік. Олар да бертінде Қазақтың Абай атындағы ұлттық педуниверситеті мен Қазақтың ұлттық қыздар педуниверситетінің қатарына қосылып, қазірде мемлекеттік педуниверситеттерге айналды.

Осынау айтылған жайттарды тұжырымдай келе, ұсынбағымыз төмендегідей. Біздің Қарағандыда заманауи талап пен уақыттың нақты сұранысына сай мемлекеттік педагогтік университет ашатын мезгіл туды. Жоғарыда айтқанымыздай, ешуақытта кідірісті білмейтін мектептегі оқуды дамыту үшін педагог кадрлар қажет.

Ел Президенті «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауында орта білім берудің жағдайы, мектеп мұғалімдерін сапалы даярлау, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту туралы айта келіп: «Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын 1000-ға жеткізуді міндеттеймін» деп, нақты тапсырма беруі сол мыңға тарта мектепке заманауи талапқа сай, озық инновациялық технологияны меңгерген білімдар мұғалім кадрларын дайындауға алғышарттар жасап тұр деп пайымдағанымыз абзал емес пе?

Сонымен қатар, Білім және ғылым министрі А.Аймағанбетовтің тарапынан педагог кадрларды дайындауға деген талаптың күшеюі, оқу орындарын білікті мұғалімдермен қамтамасыз ету үшін тегеурінді шаралардың жүзеге асырылуы бәрі де қазіргі заманауи әлемдегі педагогтік оқу орнының маңызына айрықша мән беріліп отырғанын аңғартады. Олай болуы заңды да, себебі, қандай азамат, қандай маман боп болашақта қалыптасуына мектеп қана, одан алған білімінің ғана берік іргетас болып табылады.

Ғылыми, әдістемелік әлеует Қарағандыда аса жоғары деңгейде. Қарағандыда педуниверситеттің ашылуы республиканың орталық өңірінің географиялық тұрғыдан тиімділігін аңғартады. Бұл ойымызға қазіргі педагогтік оқу орындарының орналасқан жері мен біздің өңірдің ерекшелігін салыстыру дәлел бола алады. Облыстағы Теміртау, Жезқазған, Балқаш, Қаражал т.б. қалалар мен аудандардағы халықтың демографиялық өсуі, мұғалім кадрларға деген өткір сұраныс та ойымыздың ақиқаттығын аңғартса керек.

Қ.МЕҢЛІБАЕВ, «Bоlashaq» академиясының ректоры, профессор.

Басқа материалдар

Back to top button