Уақыт тынысы — музей төрінде

Облыстық бейнелеу өнері музейі Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай «Жеңіс келбеті» атты виртуальды көрме жұмысын бастады. Мұнда музей қорынан 35 экспонат қойылған. Қазіргі уақытта әлеуметтік желіде жарияланған видеоны тамашалаған көрермен саны күннен-күнге артып келеді.

Көрме тақырыбы қарағандылық жас суретші Евгений Кимнің авторлық картинасымен аталды. Ол «Жеңіс келбеті» туындысында облыстан шыққан «Кеңес одағының батырлары», «Даңқ» орденінің толық иегерлерін осы картинасына тоғыстырған. Қан майданда ерлік көрсеткен 44 жауынгердің бейнесін жазбай тануға болады. Ұзындығы – 4, ені – 2 метрді құрайтын туындыда Мартбек Мамыраев, Камали Дүйсенбеков, Нұркен Әбдіров және Қазбек Нұржанов сынды болмысы бөлек тұлғалар көш басында тұр.

Картинаның оң жақ жоғарғы бөлігіне назар аударсаңыз, тіршілігі қайнаған елді мекенге көзіңіз түседі. Соғысқа аттанған сарбаздардың артында қалған отбасы, туған-туыстары мен сенім артып, тілеуін тілеген жұрттың сағынышын қылқалам иесі осылай көрсетсе керек. Ал, сол жақ жоғарғы бөлігінде майданға аттанған жауынгерлер тізбегі. Сап түзеп, күншығысты бетке алған. Аспаннан қара бұлт төніп тұр. Сол заманның қайғы-қасіретін, зардабы мен азабын осы бір көрініс пен бояу арқылы түсіндіріп тұрғандай.

Бұдан бөлек, көрмеде әйел образы бейнеленген түрлі картиналар топтастырылған. Шығыстың қос жұлдызының бірі Әлия Молдағұлова, соғыс жылдарында қазақтан шыққан жалғыз ұшқыш әйел Хиуаз Доспанова мен Кеңес Одағының Батыры Вера Хоружая бейнеленген туындылар қойылған. Сондай-ақ, жараланған жауынгерлер өмірімен арпалысқан дәрігерлердің де картиналары кездеседі.

Суретші Сейтмахан Қалмахановтың майданға аттанған ерлердің шахтадағы жұмысын өз мойнына алған әйел бейнесін ашып көрсеткен «Қарағандылық шахтер әйелдер» деген туындысын, Қуаныш Есіркеевтің майдан даласынан сыр шерткен дүниелерін көпшілік музей сайтынан тамашалай алады.

«Бейнелеу өнерінде жанрдың бұл түрін – батальды, яғни, шайқас жанры деп атайды. Ұлы Отан соғысы жылдарынан бастап дамыған жанр. Соғыстан кейін осы жанрда түрлі кинолар түсіріліп, ақындар өлең арнады. Суретшілер де сол кезден бастап осы жанрда туындыларын дүниеге әкелген» – дейді облыстық бейнелеу өнері музейінің ғылыми қызметкері Назерке Жартын.

Ербол ЕРБОЛАТ