Жаңалықтар

Тыңғылықты жұмыс – басты мақсат

    Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының облыстық филиалында «Ашық есік күні» өтті. Мамандар қала тұрғындарын «БЖЗҚ» АҚ қызметінен хабардар етті.

Қор қызметкерлері жиын барысында зейнетақы заңнамасы аясында халыққа базалық білім беріп, дұрыс түсінік қалыптастыруды көздеген. Бұл күні зейнетақы қорының барлық бөлімшелері қалыпты режимде жұмыс жасағандықтан, қызмет көрсету сапасы мен жылдамдығы да жоғары болды. Салымшылар мен алушылар да зейнетақымен қамсыздандыруға қатысты толғандырған сауалдарға жауап алды.

Атап айтсақ, мамандар жиында зейнетақы жүйесіндегі үш құраушы бөлікке тоқталды. Мысалы, бүгінгі таңда зейнетке шыққан адам үш жерден қаражат алады. Бұл ең алдымен, базалық және ортақ зейнетақы төленетін мемлекеттік бюджет. Қазір базалық зейнетақы барлығына бірдей мөлшерде төленеді. Ал, ортақ (немесе еңбек) зейнетақы 1998 жылға дейінгі жұмыс өтілін есепке алады. Зейнетақының екінші деңгейі – міндетті кәсіптік жарналар есебінен құрылған БЖЗҚ-дан төленетін төлемдер. Ал, үшіншісі – ерікті жинақтар, бұл кейбір адамдарда ғана бар. Осы ақпараттар жіті түсіндірілген жиында белгілі тұлғаның болашақ зейнетақысының құрылуы, оны бақылау және оны ұлғайту керектігі жайында айтылды. Зейнетақы активтері бір жерге топтастырылғаннан кейін комиссиялық жарна деңгейінің бұрынғы жеке қорлар өндіріп алған жарналармен салыстырғанда екі есе азайғанын, әкімшілік шығыстардың қысқарғанын атап өтті. Жиналғандар үшін www.enpf.kz сайтындағы «зейнетақы есептеуіш» арқылы болашақта алатын зейнетақы мөлшерін анықтау үшін интерактивтік «шеберлік сағатын» өткізді. Мамандар салымшылар мен алушыларға жоғары деңгейде қызмет көрсетіп, сұрақтарына жауап берді.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Қарағанды облыстық филиалының директоры Андрей Мордвинцев жергілікті деңгейде «Ашық есік күнін» өткізу – қор жұмысын жедел жүргізуде тиімді ұсыныстарға көңіл бөлу, яғни, қызмет көрсетудің сапасын жақсартуда екенін айтты.

Андрей МОРДВИНЦЕВ, «БЖЗҚ» АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры:

Қазір біз зейнетақы жүйесінің әрбір адамға түсінікті болуы үшін еңбек етудеміз. Яғни, кез келген қазақстандық мектеп қабырғасынан зейнетақы жөнінде түсінік қалыптастыруы тиіс. Қор міндеттерінің бірі де жұмыстың ашықтығы мен айқындылығын арттыру. Сондықтан, біз халыққа қордың зейнетақы жүйесіндегі атқаратын қызметі туралы айтып, халықпен тығыз байланыс орнатамыз. Жинақтаушы зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінің сенімді операторы ретінде зейнетақы қорына деген сенім қалыптастырып, қаржы-экономикалық толқулардан қорғайтын сенімді механизмі барын және мемлекеттің зейнетақы жинақтарына кепілдік беретінін көрсеткіміз келеді. Сондықтан, түрлі тақырыптарға арнап ашық есік күнін үш айда бір рет өткізуді жоспарлап отырмыз. Болашақта бұл кездесулер халық тарапынан қолдау тауып жатса, жиі өткізу мүмкіндігі де жоқ емес.

Айта кеткен жөн, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2013 жылы «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі құрылтайшысы болып табылатын қордың зейнетақы активтерін басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылдан бастап зейнетақы активтерін басқару қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Қазіргі таңда қор – міндетті зейнетақы жарналарын тарту, жинақтар мен төлемдерді жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) ақпарат береді. Алдағы уақытта Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының облыстық филиалы ашық есік күнін жиі өткізуді жоспарлап отыр. Бұл күндері қала тұрғындары зейнетақы жүйесі жөнінде жаңа ақпараттан хабардар болады.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button