Спорт

Топ жарғандар

Халық арасында «Махаббат жасқа қарамайды» деген сүйкімді нақыл бар. Біздіңше, ештеңе жасқа қарамайды. Зейнет жасына шықса да, атқа шауып, трактор жүргізіп, боз кілемде белдесіп, тіпті, жастармен бірге жүгірген, қақаған қыста суық суға шомылған қарияларды талай көрдім. «Елуге келіп, университетке түсіпті» дегенді де естігенбіз. Енді, міне, Ақжал кентінде әжелерден жасақталған волейбол командасы аудандық жарыстарда топ жарып жүр.

Сурет ұйымдастырушылардан алынды

Әжелердің ең үлкені 63 жаста екен. Кішісі – 59-да. Үйдегі тірлікке де, немеренің тәрбиесіне де үлгеріп жүр. Күш-қуат тасып тұр. Керісінше, күйбең тірліктен босаған бетте жаттығу залына асығады. Залды айнала жүгіріп, дене қыздырады, созылып, бой жазады. «Бабыма келдім-ау» дегенде доп соғады. Арасында зілтемірлерді де көтеріп, бұлшық еттерін шынықтырады. Әжейлер ауданды былай қойғанда, облыстық деңгейдегі додаларға тұрақты қатысып тұрады екен.

Команда құрамындағылардың барлығы – Ақжал кентінің тумасы. Осыдан 47 жыл бұрын Марат Алтынбеков есімді бапкер волейболға икемі бар қыздардың басын қосып, «Сәуле» командасын құрған. Кейін команда тарап кеткен. Бірақ, 20 жылдан кейін бастары қайта қосылып, жоғары дәрежеде өнер көрсетіп жүр.

Команда өкілі Гүлмира Исатаеваның сөзінше, әр додаға барған сайын жастардан жасақталған командалар атағы аймаққа жайылған әжелермен ойнауға сескенеді екен. Өйткені, олар өздерінің айқын фавориттер екенін талай жылдан бері дәлелдеп келеді.

– Біз жарыс талғамаймыз. Бастысы – бәсекеге түсіп, бабымыз бен бағымыз­ды сынау және тәжірибе жинақтау. Осы уақытқа дейін қатысқан додалардан жүлдесіз қайтқан емеспіз. Ең кемі III орын алып жүрдік. Өз командама көңілім толады. Бәрі өз ісін жақсы біледі. Шеберліктері шыңдалған. Бәрін мақтан тұтамын, – деді команда капитаны Дариға Ақшолақова.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button