Руханият

Маэстро мерейі

Ән өнерінің Толағайына айналған Ілия Жақанов Арқаға келді. Шалқыма концерт залында «Толағай» атты шығармашылық кешінде алып өнер иесінің әндері шарықтады. Көрерменнің ортасында отырып, көңілі қалықтады. Кешінің соңында сөз алып, «Арқа жұртын үнемі сағынып тұрамын», деді.

Кеш шымылдығы Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің «Сарыжайлауымен» сәтті түріле келіп, композитордың «Толағайымен» түрлене кетті. Республикалық және халық­аралық конкурстардың лауреаты Арайлым Жүкенова жүрекке жеткізе шырқады. Мәдениет саласының үздігі Ержан Базарбеков «Арқа аруы» әнін әуелетті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жақсыгелді Кемалов «Асыл жарды», Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәуренбек Әркенов «Меңді қызды», әнші Ришат Шабденов «Ойыл толқынын», Дулат Аханов «Түнгі сыры» мен «Даниярдың әнін», Медет Осатаев «Балқантауды», Қазақстанның мәдениет қайраткері Меруеш Башай «Нені ойладың?», «Асылым» әндерін шебер жеткізді. «Жайлаукөл кештерін» «Мерей» квартеті, «Теміртау түнін» «Әуен» триосы сәтті орындады.

Ән кеші Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің орындауындағы «Еділ мен Жайық» әнімен қорытындыланды.

Арқа әншілері өнер көрсеткен сайын ән алыбы орнынан тұрып, құрметін көрсетіп, ықыласын білдірді. Өнер бекзадалығы осы болса керек-ті.

Есті әнге құлақ құрышын қандырған соң кеш иесі Ілия Жақанов пен бір топ құрметті қонақтар сахнаға көтерілді.

– Ақындығы сазгерлікке астас­қан, әуені әдебиетпен үндескен, зерделі зерттеушілігі қылқалам шеберлігіне шендескен ағамыздың бойында небір талант тоғысып жатыр. Евгений Брусиловский ағамыз жайлы «Бұл жігіт – нағыз халық композиторы. Ол даланың музыка академиясын бітірген» деп айтқан екен. Ол кезде өнер иесі небары 20 жаста ғана екен. Міне, Құдай қуат беріп, тоқсанға қарай бет алдыңыз. Жүзге жетіңіз. Әніңіз асқақтай берсін, аға, – деп құттықтауын білдірген облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын ән академигінің иығына оқалы шапан жауып, ат мінгізді.

Ілия Жақановтың көп әні Жаңаарқаға арналып жазылған. Осыны ескерген Жаңаарқа елінен де бір топ азамат арнайы келіп, құрмет көрсетті. Аудан әкімінің орынбасары Әсет Аманжол да иығына шапан кигізіп, елдің атынан ат атады. Көп жыл ұлағатты ұстаз болған Өзбек Бимендин де дәп осындай құрмет рәсімін жасады. Өзбек Исатайұлының «Аға, сіз аққуды айдын көлге қондырдыңыз, Балқантауды балқыттыңыз, Арқаны шалқыттыңыз, Теміртаудың шамшырағын жарқыраттыңыз, Еділ мен Жайық толқынын жағаға соқтыр­дыңыз, Әніңіз ел жүрегін баурады. «Толағай» атты әніңіздің жарыққа шығуына мен куә едім», – деген ықылас сөзіне қошемет соғылды.

– Арқаның елін сағынамын. Мәдениет басшылары «Қарағанды сізді сағынды, Аға. Келіп, кеш өткізсеңіз» деген ұсынысты қабыл алдық, мезгілдің осы бір күзінде сәті түсіпті. Ұзын жолдың үстінде Алтын домбыра алып келе жатқан балаларды жолықтырып, батамызды бердік. Қазақ өнері рухын көтере берсін. Тәтекеңдей ұлы тұлғаға Түркия төрінен ескерткіш қойылыпты. Бұған да құтты болсын айтамын. Арқа – домбырашылар елі ғой. Шығармаларымды шалқытқан сіздерге рақмет! Оркестрдің бас дирижері Ерлан Бақтыгерейге де мың алғыс! Құрметтеріңізге көп рақмет! Облыс әкімшілігіне, мәдениет басшылығына шын жүректен алғыс айтамын. Тілектеріңіз қабыл болсын. Жүзге жетіңіз деп жатырсыздар. Дәл қазір тоқсанға тіреліп тұрмын. Көңілім баяғыдай. Ойлап қоямын да, жүзден де әрі қарай сан бар шығар, – деп ризашылығын жеткізген кеш иесіне залдағы қонақтар ду күлді.

Дала музыкасының академигі атанған Ілия Жақанов ағаның Қарағандыдағы шығармашылық кеші осындай сипат алды. Шынымен, Арқа да, алып та бір-бірін сағынған екен.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button