Тілсіз жау тыйылмай тұр
Өткен тәулікте облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері құтқару жұмыстары мен өртке және жану жағдайына байланысты 13 хабарландыру келіп түскен. Оның ішіндегі 5-еуі – авариялық-құтқару жұмыстары екен.
Саран қаласы, Луговая көшесінде жалпы ауданы 80 шаршы метр тұрғын үйдің ағаш шатыры, үй заттары мен жиһаздары, едендері толық жанып кеткен. Өкінішке қарай, оқиға орнынан 1953 жылы туған үй иесінің мәйіті табылды. Өрттің шығу себебін мамандар «пеш жағу кезіндегі өрт қауіпсіздігін дұрыс пайдаланбағанның салдары» деп болжап отыр.
Ал, Бұқар жырау ауданы, Доскей ауылы, Әбілхасин көшесінде электр сымдарының қысқа тұйықталуының салдарынан ауданы 60 шаршы метр болатын үйдің шатыры өртеніп кеткен. Сонымен қатар, өрт үйдің ішін де шарпып өткен. Терезе мен есіктері, тұрмыстық заттары түгел жанып кеткен. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ.
Дәл осындай жағдай Қарағандыдағы Молдағұлова көшесінде де орын алды. Қарағандыдағы 19 ықшам ауданында төтенше жағдайлар департаменті мамандары өрт шыққан үйдің терезесінен сатымен кіріп, сыртқы есікті ашты. Нәтижесінде, 2014 жылы туған бала құтқарылды. Медициналық көмек қажет болмады.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz