«Тілдарында» топ жарды

   «Бәрекелді» деп айдар тағуымыздың себебі – бас жүлде бізде. Қарағанды облысы, Шет ауданындағы Ж.Ақылбаев атындағы эксперименталдық мектеп-гимназиясының ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Нұрхан НҰРЛАНОВ республикалық «Тілдарын» олимпиадасының бас жүлдесін қанжығасына бөктеріп қайтты.

Аталған олимпиада жақында Ақмола облысы, Бурабай ауданындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өткен екен. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті тапсырысымен Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы ұйымдастырған үш тілді жетік білетін жастар арасында өткен «Тілдарын» республикалық олимпиадасына 18-22 жас аралығындағы облыстық және қалалық іріктеу кезеңдерінен үздік шыққан 15 жеңімпаз қатысыпты. Солардың ішінен маңдайы жарқырап біздің жерлесіміздің қатарынан қара үзіп келгені – облысымыздың абыройы десек, артық айтқандық емес.

«Қазақстан Республикасының Тілдерді дамыту мен қолдаудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында қолға алынған шараның басты мақсаты – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген қабілетті жастарды анықтау және қолдай отырып, тілдік қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру. Көп тілді меңгерген тұлғаны тәрбиелеу, қазақстандық патриотизмді нығайту, олардың өзге халықтардың мәдениеті мен тілін құрметтеуі негізге алынған.

Нұрхан Нұрланов, Шет ауданындағы Ж.Ақылбаев атындағы эксперименталдық мектеп-гимназиясының ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, республикалық «Тілдарын» олимпиадасының жеңімпазы:

«Тек қана керемет жарыс ұйымдастырмай, сонымен қатар, Қазақстанның болашақта бетке ұстар ақылды да парасатты азаматтарымен кездестірген ұйымдастырушылырға алғысым шексіз. Сәкен жырлаған Абылайдың құтты қонысын көріп, әсерлі де ұмытылмас шақпен қауышқаныма қуаныштымын!».

Жәнібек ӘЛИМАН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.