Тіл сақшысы тұғырда
Астанада Тәуелсіздік күні қарсаңында Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылған «Ең сауатты жарнама – тіл абыройы» республикалық байқауы өтті. Байқаудың I орын жүлдесін қарағандылық Эльмира Орынбаева иеленді.

Бұл байқаудың бұрынғылардан еректігі бар. Мұндағы басты мақсат – ана тіл, яғни, мемлекеттік тілді кеңінен қолдануды қамтамасыз ету, тіл мәдениетін жетілдіру, мемлекеттік тілде көрнекі ақпаратты сауатты ресімдеу, сондай-ақ, осы мәселелердің басы-қасында жүрген қазақстандықтарды қолдау және ынталандыру.
– Керек құжаттарды жинауға бізге тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы, оның ішінде, ресурстық Тіл орталығының мамандары барынша көмектесті. Қатысушылар арасында менің портфолиом ауқымды болды. Жалпы, менің жасаған жұмысымның нәтижесі 56 беттен тұрады. Біздің Қарағанды өлкесін республика деңгейінде таныстыру мен үшін зор мәртебе. Шараны ұйымдастырушылар атап өткендей, Қарағанды облысы – мемлекеттік тілді дамытуда үздіктердің бірі. Тұтынушылар мен кәсіпкерлерге дұрыс ақпаратты жеткізу үшін жарнамаға қатысты көптеген жобаларға қатысамын. Жастарды да осындай жобаларға қатысуға шақырғым келеді. Біздің жұмыс мұнымен шектелмек емес. Өз елімізде мәдениет те, қызмет те, жұмыс та тек мемлекеттік тілдің айналасында өрбуі тиіс, – дейді Эльмира Орынбаева.
Байқаудың алғашқы кезеңі облыстық деңгейде өтті. Осылайша екіншісі кезеңге еліміздің түпкір-түпкірінен жиналған қатысушылар арасынан 14 қатысушы шықты. Оның сегізі үміткер деп танылды. Жүлдегерлерді атап өтсек, II орынды Қайыр Біржан және Лидия Финько алды. Ал, III орын Ардақ Нұрғазина, Салтанат Байжанова, Жадыра Төлееваға бұйырды.
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz