Теміртау

Теміртаулықтар жалпыоблыстық диктантқа қатысты

Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орайластырылған латын әліпбиіндегі жалпыоблыстық диктантқа құрыш қаланың халқы да белсене қатысты. Бұған Теміртау жоғары политехникалық колледжінде куә болдық. Оқу ордасының ұстаздары мен студенттері жаңа әліпбиді еркін меңгергендерін көрсете білді.

Акцияның мақсаты – жаңа әліпбиді насихаттау және жазу дағдысын қалыптастыру. Шараға оқу ордасынан 300-ге жуық адам қатысты. Диктанттың тақырыбы – «Бәсекелік қабілет». Қатысушылар арнайы белгіленген аудиторияларда мәтін аудиосын тыңдау арқылы жазды.

  • Бүгінгі шараға менің тобымда оқитын студенттердің бәрі біркісідей қатысты. Диктант жазу ешқандай қиындық туғызған жоқ. Қазіргі таңда сабақ барысында, дәріс жазғанда жаңа әліпбиді қолданып жүрміз. Өйткені, өз мамандығыма қажетті ақпараттар, ғылыми жаңалықтар және заманауи технологиялар латын графикасында таңбаланған, – дейді «Бағдарламашы» мамандығының студенті Ақниет Мектепбаева.

Теміртау жоғары политехникалық колледжінде латын графикасын насихаттау жұмысы қарқынды жүргізілуде. Қазірдің өзінде студенттер мен оқытушылар жаңа әліпбиді толық меңгеріп алғаны аңғарылады. Кейбір сабақтардың тақырыптары, дәрістер латын қарпінде жазылып жүр екен. Сонымен қатар, оқу ордасындағы ақпараттық хабарландырулар, кабинеттердің атаулары да осы әліпбимен берілген. Бұл әдіс оқытушылар мен студенттердің жаңа әліпбиді жылдам меңгеріп кетуіне жол ашпақ.

Нұрлыбек ӨТЕБАЕВ, Теміртау жоғары политехникалық колледжі тілдер кафедрасының оқытушысы:

  • Жалпыоблыстық диктантқа сабақтан бос оқытушылар мен студенттер қатысты. Акция оқу үдерісіне кедергі келтірген жоқ. Шараның мақсаты – ұстаздар мен студенттердің жаңа әліпбиді қаншалықты меңгергендерін бағалау. Қатысушыларға баға қойылмайды. Оларды «нашар жаздың» немесе «үздік» баға алдың деп бөлмейміз. Біздің көздеп отырғанымыз – латын графикасын насихаттау.

Жалпыоблыстық диктантқа Теміртау қаласының мемлекеттік қызметшілері, азаматтық қызметкерлері, оқушылар, студенттер қатысты. Жалпы қала бойынша 5000 адам жаңа әліпбимен диктант жазғанын айтып кету керек.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button