Теміртауда жедел жәрдем қызметкері әріптесіне шабуыл жасады
Әлеуметтік желіде Теміртауда фельдшер әйелді өз әріптесі соққыға жыққаны туралы ақпарат тарады. Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі бұл ақпаратты растады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, екі қызметкер арасындағы кикілжің олардың кәсіби міндеттерін орындауға байланысты емес тұлғааралық қарым-қатынастарынан туындаған. Сондай-ақ, басқарма әріптесіне шабуыл жасаған қосалқы станция қызметкерінің кезекті еңбек демалысында екенін атап өтті.
– Аталмыш факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар, жыл сайынғы еңбек демалысы аяқталғаннан кейін қосалқы станса әкімшілігі бұл қызметкерге қатысты қатаң тәртіптік шара қолданатын болады, – деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Қазір зардап шеккен фельдшермен қатар шабыл жасаған қызметкерге де барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Полиция департаменті күдіктінің ұсталғаны туралы ақпаратты растады.
– Теміртау қаласының 30 жастағы тұрғынына дене жарақатын салған 29 жастағы күдікті ұсталып, полицияға жеткізілді. Осы оқиғаға байланысты сол күні қылмыстық іс қозғалды. Емдеу курсы аяқталған соң жанжалға қатысушыларға сараптама тағайындалады. Сотқа дейінгі тергеу аясында оқиғаның барлық қажетті іс-шаралары жүргізіліп жатыр. сондай-ақ құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайлар анықталады, – деді ПД баспасөз қызметі.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.