Бас тақырыпРесми

Теміртауда металлургтердің әлеуметтік мәселесі талқыланды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев пен Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Бас директоры Парамжит Калонмен кездесті.

Кездесу барысында Бердібек Сапарбаев компания басшылығын әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға, аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдауға шақыра отырып, мемлекет пен бизнестің тығыз өзара іс-қимылының маңыздылығын атап өтті.
«Кәсіпорында 30 мыңға жуық адам еңбек етеді. Жалақы бойынша берешектер және жұмыс орындарын босату жоқ. Алайда, жалақының орташа деңгейі өңірдің республикалық және басқа да металлургиялық компанияларынан әлдеқайда төмен. 
Сонымен қатар, комбинаттың 170 қызметкері көпбалалы болып табылады, оның 91-інде баспанасы жоқ. Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру Елбасы мен ҚР Президентінің басым тапсырмаларының бірі болып табылады. Осыған байланысты аталған мәселелерді жедел шешуге назар аударуыңызды сұраймыз», – деп атап өтті Сапарбаев.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі өндірістік жарақаттануды азайту, экологиялық нормаларды сақтау және ұжымдық шарттар талаптарын орындау қажеттігін де тілге тиек етті. 
Өз кезегінде комбинаттың бас директоры компанияның ынтымақтастыққа, әлеуметтік жауапкершілікке және әрі қарай технологиялық дамуға бейілділігін растады.
«Біздің компания ынтымақтастыққа дайын және барлық айтылған ұсыныстарды қысқа мерзімде қарастырады», – деп атап өтті Калон.
Ол 2018-2020 жылдары компания 305 млрд. теңгеден астам қаржы инвестициялайтын болады деп сендірді.
Сондай-ақ, Елбасының тапсырмасы бойынша әлеуметтік жауапкершілік аясында компания Теміртау қаласында емхана, балабақша және спорт кешенінің құрылысын жүргізуде. Ағымдағы жылы осы жобаларды іске асыруға 1,8 млрд. теңге бөлінеді. 
Сонымен қатар, министрлік басшысы өндірістік цехтарды қарап шығып, қызметкерлермен еңбек жағдайларын сақтау, жұмыс берушінің әлеуметтік міндеттемелерді орындауы жөнінде әңгімелесті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Басқа материалдар

Back to top button