Теміртау түлеп келеді

    Тұрғын үй қорын жаңғырту мемлекеттік бағдарламасы Темір­тау­да қарқынмен жүргізілуде. Соңғы төрт жылда құрыш қаладағы 49 үй жөндеуден өткен. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын таппақ.

Былтыр жаңғырту бағдарламасы аясында төрт көпқабатты үй қамтылды. Бұл мақсатта 70 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді.

Мәселен, Димитров көшесіндегі №35 үйдің жертөлесі толығымен жөнделді. Мұнда жылу жүйесі жөнделіп, құбырлар алмастырылды. Есеп құралдары қойылды. Аталған жұмыстарға 12,5 млн. теңге қаржы жұмсалды.

Коммунаров көшесіндегі №25 үйдегі жұмыстарға 23 млн. теңге қарастырылды. Үйдің шатыры ауыстырылып, подъездер есіктері жаңадан қойылды. Қасбеттер жаңғыртылды.

Сондай-ақ, бағдарлама шеңберінде Металлургтер даңғылындағы №20 үйде алғашқы лифт іске қосылды.

Ал, жалпы Теміртау қаласында лифті істен шыққан 300 үй бар. Оның, тек, 98-і ғана тұрғындар кәдесіне жарап тұр. Қазіргі таңда тұрғындар тарапынан бағдарлама арқылы лифт қызметін жаңғыртуға қатысты өтініштер молынан түсуде. Теміртаулықтардың жылдар бойы жоғарғы қабаттарға жаяу көтерілуден қажығаны анық.

Биыл қала әкімдігі тағы тоғыз үйде жөндеу шараларын қолға алмақ. Оның ішінде бес үйге лифт орнату көзделуде.

Нұрқанат ҚАНАФИН

ТЕМІРТАУ қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.