АймақЖаңалықтар

Темір жолы – өмір жолы

Қай өңірде болса да, теміржол экономиканың күре тамыры болып саналады. Осы орайда “ҚТЖ-Жүк тасымалы” ЖШС Қарағанды филиалының директоры Марат Омарұлы Ыбыраевпен жолығып, бірнеше сауал қойған едік.

Сурет автордың жеке мұрағатынан

– Марат Омарұлы, сөз басында өзіңіз басқарып отырған филиал қызметі туралы қысқаша айта кетсеңіз…

– Біздің филиалға 89 теміржол станциялары мен  көптеген разьездер қарайды. Магистральдық теміржол желісінің ұзындығы 2168 шақырымды құрайды, оның ішінде 601 шақырымы – электрлік желі. Қарағанды жүк тасымалы филиалы жұмысының негізгі бөлігі – жүктерді тиеу мен тасымалдау және еліміздің ірі өңірлеріне көлік қызметін көрсету.

– Өткен жылы филиалдың атқарған қандай басты жұмыстарын атап айтар едіңіз?

– Былтырғы жылы алға қойған міндеттер мен жоспарлар толығымен орындалды. Атап айтқанда,  жүк тиеу жоспары 102%-ға орындалды.

Достық станциясынан Мойынты станциясына дейін екінші жолдарды салу бойынша ірі жоба іске асырылды. Оның жалпы ұзындығы – 836 шақырым, ал Қарағанды облысының аумағы бойынша – 336 шақырым.

Осы қосалқы жолдардың ашылуымен бұл бағыттағы жүк поездарын өткізу қабілеті 5 есеге артты.

Қосалқы жолдарды салу барысында дренаж жүйесін орнату, қажетті іске қосу-қалпына келтіру шараларын атқару және басқа да қосымша жұмыстар іске асырылды.

Сол сияқты «Мойынты-Саяқ» учаскесінде теміржолды жаңарту мен жаңғырту, белгі беру жүйесін жетілдіру және басқа да жұмыстар жүргізілді.

«Жезқазған-Қоскөл» бағытында жаңа теміржол разьездерін ашуға дайындық жұмыстары жүргізілді. Осы бағытта қосымша  маневр бағдаршамдары орнатылды. Бір сөзбен айтқанда, белгіленген жоспарлы жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылып келеді.

– Сөз соңында облыстық “Орталық Қазақстан” газетінің оқырмандарына не тілек айтасыз?

– Газет оқырмандарын келіп жеткен қасиетті Ораза айымен құттықтаймын.

Әр шаңыраққа амандық пен жақсылық тілеймін. Еліміз аман, аспанымыз ашық, Отанымыз тыныш болсын!

Сұхбаттасқан Төлеубай ЕРМЕКБАЙҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button