АймақБұқар жырау

Тауарлық несие тұңғыш рет берілді

Қазақстан халқына Жолдауында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев тауарлық несие құралын енгізуді қарастыруды тапсырған болатын. Бұл механизм аграрлық салаға қолдау көрсету мен ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған.

СУРЕТТЕ: «Шатан» шаруа қожалығының басшысы Евгений Әпейісов Марина Приглядаға тауарлы несие сертификатын тапсыруда

Осы бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында облысымызда, соның ішінде, Бұқар жырау ауданында тұңғыш рет тауарлық несие беру басталып, оған алғашқы болып, Белағаш ауылындағы «Шатан» шаруа қожалығының басшысы Евгений Әпейісов қатысып отыр.

Ол өзінің ірі қара шаруашылығынан 15 сиырды әлеуметтік осал топқа жататын белағаштық 5 отбасына үш-үштен несиеге берді. Табан астында малды болған адамдардың бірі Гүлжазира Мұхтарова жалғыз өзі 4 бала тәрбиелеп отырса, Айжан Жалбырова көпбалалы ана да, бірінші топтағы мүгедек Ерсін Ибраевтың да 4 баласы бар. Сол сияқты 2 баланың әкесі Виктор Кушнеренко отбасында бір өзі ғана жұмыс істесе, Марина Пригляда жұмысы жоқ, өзін-өзі қамтып отырғандар санатынан.

– Ауданымызда бірінші рет беріліп отырған тауарлық несиенің мерзімі 5 жылға дейін. Бұл екі жаққа да тиімді, – дейді Бұқар жырау ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Манат Құрманғалиев. – Өйткені, несие берген қожалық басшысы 5 жыл бойы сол берген малын бағып-қағудан құтылып, әр үш сиырдан жылына 2 бұзауын алып отырады. Ал, 3 сиырға ие болған отбасы олардың сүтін сауып, құрт-майын алып, жылына қалған бір бұзауын өсірген күннің өзінде белгіленген 5 жылда сол несиеге алған малын 5-6 басқа жеткізуі мүмкін.

Енді тауарлық несиеге ие болған отбасылар сертификаттарын алып, табыннан өздері сиыр таңдауға көшті.

Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы
Ortalyq.kz

Сурет ұйымдастырушылардан.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button