Руханият

Тауға шық, қуат ал!

Бітпейтін бір шаруа. Бала-шаға, жұмыс, таң атысымен шапқылайсың да жүресің. Үтірі мен сұрақ белгісі көп өмір. Кейбіріміз не үшін тыраштанып жүргенімізді де білмейміз. Ең сорақысы – осы. Ғұмырынан мән таппай жүргендері қаншама. Қазақ бұны – күйбең тірлік дейді. Мұндайдан адамның тәні емес, жаны шаршайды. Кейде кең даланы аңсайсың. Көз тастасаң шеті көрінбейтін, қиялың жүйрік аттай бауырын жазып шабатын, немесе, пырақтай қалықтайтын маңғаз дала. Әсіресе, қар жамылған даланың көрінісі – керемет. Тап-таза ауа. Ешкім мазаңды алмайды. Ал, қасыңда жақсы әңгіме айтатын жаны жайсаң сапарласың болса, тіпті, ғажап!

Суреттер: ұйымдастырушылардан алынды

Қарағандыда сондай бір жақсы орта бар. Анығырақ айтсақ – «Skif – Qaragandy» деген клуб. Ел ішіндегі жақсы-жайсаңды жинап алады да, қаланың шетіне тартып отырады. Серуендейді, спорттық ойындар ойнайды, далада ас ішеді. Осы ортаға қосылуды армандап жүргендер бар. Басы-қасында тізгін ұстаған еңселі азаматтар жүр. Тауда серуендеп, тән мен жанға қуат дарытады.

Өткен жексенбіде облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын, есімі елге белгілі кәсіпкерлер Төлеген Әшімов пен Ерлан Әшімов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Болат Сыздық, ақын Эльмира Сайлауқызы және басқа да қоғам белсенділері, қызмет жолында жүрген азаматтар жиылып, тауға шығып келді. «Qarly tauseruen» деген жарыс өткізді. Адам саны 150-ге жуықтапты. Бұл шара – қазақтың даңқты батыры Бауыржан Момышұлының туған күніне орайластырылған.

Спорттық сайыстарға қатысып, жеңімпаз болғандарға медальдар берілді. «Қасым» сериясымен шыққан кітаптар мен «Natige» сүт фабрикасының өнімдері салынған себеттер табысталды.

– Бауыржан Момышұлы өзінің сарбаздарын тауда дайындаған екен. Тау дегеніңіз – шексіз қуат. Біз де рухымызды шыңдау үшін тауға жүгірдік. «Мықтымын» деген азаматтар қой көтеруден жарысты. Турникке тартылды. Осының бәріне қолдау көрсеткендерге зор алғысымды білдіремін, – деді белгілі кәсіпкер, қалалық мәслихаттың депутаты Төлеген Әшімов.

«Qarly tauseruen» қысқы тау спорты түрлерінен бұқаралық жарыстар мен ойындарды өткізуге жалпы басшылықты облыстық «Бұқаралық және балалар спортын дамыту орталығы» КММ жүзеге асырады. Бұқаралық спорттық жарысты тікелей басқару «Қарағанды облыстық спорттық туризм және туристік көпсайыс федерациясы» ҚБ-на және «SkifQaragandy» тау спорты клубына жүктелген.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button