Бас тақырып

«Тасқын су, сенде бір мін бар…»

Облыс аумағында қарғын судан келетін қауіп әлі сейілген жоқ. Төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше, су астында 40 үй қалған. Олардың барлығы төтенше жағдай жарияланған Шет ауданында тіркелді. Одан бөлек, өңірде су басып және шайып кеткен автожолдарының бес учаскесі әлі де болса жабық. Жергілікті атқарушы орган, төтенше жағдайлар департаменті мен полиция қызметтері барын салып, әрекет етуде.

Суреттерді түсірген Жангелді Әбдіғалым

«Сұраныс қатаң болады»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен 1 сәуірде су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті.

Мемлекет басшысы өз сөзінде 2024 жылғы су тасқыны 2012 және 2017 жылдардағы су тасқынынан асып түскеніне тоқталды. Бұл – соңғы отыз жылда болған ең ірі тасқын.

Одан бөлек, Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкімет бекіткен Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын сынға алды. Айтуынша, тұжырымдаманы жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары декларативтік сипатқа ие. Құжат су тасқыны салдарынан болатын шығынның алдын алу және азайту мәселесін кешенді түрде шешуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан, тұжырымдаманы қайта қарау жөнінде міндет жүктелді.

– Құзырлы мекемелер, яғни әкімдіктер, Төтенше жағдайлар министрлігі, Су ресурстары министрлігі бірлесіп жұмыс жасамайды. Жауапкершілік алудан қашады. Жұмысты бір-біріне сілтеп отырады. Жағдай осылай жалғасатын болса, тиісті қызметкерлерді лауазымынан босату қажет. Ең басты критерий – мемлекеттік қызметшілердің тиімділігі. Мемлекеттік органдар және әкімдіктер арасында нақты әрі тұрақты байланыс алгоритмі жоқ. Тиісті министрлік еліміздің табиғи апаттарға дайындығын қадағалап отыруы қажет. Бұл – министрліктің негізгі мақсаты. Осы мәселеге баса назар аудару керек. Министрлік гидротехникалық және басқа да маңызды нысандардың жағдайын тексеріп, шынайы мәлімет беріп отыруға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент су тасқынына қарсы күрес мәселесінде халықаралық тәжірибеге назар аударуға және басқа елдердің су тасқынымен қалай күресетінін мұқият зерттеуге шақырды.

Отырыс барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда су ресурстары және ирригация бойынша техникалық мамандар жетіспейтінін атап өтті. Үкіметке бұл мәселе бойынша жедел шешім қабылдау тапсырылды.

– Тағы да қайталаймын. Барлық шенеуніктер су тасқынының алдын алуға тікелей жауапты болуы керек. Үкімет алдында жұмыс өте көп. Сұраныс қатаң болады, – деп түйіндеді сөзін Президент.

Тасқын қатаң бақылауда

Жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған Шет ауданының Қайрақты, Ақсу, Красная Поляна, Деріпсал елді мекендерінде 292 адам эвакуацияланды. Оның 114-і – бала. Эвакуацияланғандар қауіпсіз жерлерде, қауіп-қатер мен су деңгейі төмендеген уақытта тұрғындарды тұрғылықты жерлеріне қайтару мәселесі қарастырылады.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, гидротехникалық құрылыстар штаттық режимде жұмыс істейді. Ал, толып кетуді болдырмас үшін су шығару жұмыстары жүргізіледі.

Облыстағы Самарқанд, Ынтымақ, Шерубай-Нұра сияқты ірі су қоймаларынан төгінділердің ұлғаюына байланысты су төгетін жерден төмен орналасқан Абай, Бұқар жырау және Нұра аудандарының 28 елді мекендерінде біліктерді нығайту және құм толтырылған қаптарды төсеу бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Тәулігіне барлығы 5190 қапшық төселіп, 13500 текше метр су сорылды.

Нұра ауданындағы Нұра ауылының Құндыз­ды өзенінің үш учаскесінде мұз кептелістерінің алдын алу мақсатында ауданы 8000 шаршы метр аумақта мұз жару жұмыстары жүргізіледі. Одан бөлек, мұз кептелістерінің алдын алу мақсатында Осакаров ауданының Николаев ауылындағы Сабырқожа өзенінде мұзды ұсақтау жұмыстары жүргізіледі.

Жол учаскелері жабық

Жол төсемінің шайылып кетуіне және еріген сулардың жол бөлігі арқылы төгілуіне байланысты республикалық автожолдардың екі учаскесі, облыстық және жергілікті маңызы бар бір учаскесі жабық күйінде қалып отыр.

Ақтоғай ауданында «Ақтоғай-Нұркен» жолының 57 шақырымында еріген су ені 6 метр, тереңдігі 2 метр жол төсемін шайып кеткен. Жол учаскесі жабылды, Ақтоғай кенті арқылы баламалы жол бар.

Ал, Қарқаралы ауданында, «Егіндібұлақ-Қоянды-Бүркітті» жолының 67 шақырымында еріген қар суының қарқынды түсуіне байланысты жол төсемі шайылды. Шайылып кеткен жердің ені – 10 метр, тереңдігі – 20 сантиметр. Жол учаскесі жабық.

«Шет ауданы, «Ақой-­­­­­С.Сей­фуллин-Ақсу-Аюлы-­Ақтоғай-Балқаш» облыстық маңыздағы автожолдың 134 шақырымында қардың еруі нәтижесінде жол бойынан су асып кетті (ені – 200 м, тереңдігі – 30 см). Жолдың бұл бөлігі жабық, облыстық жол арқылы баламалы бағыт бар. Шет ауданы, Нұраталды ауылдық округі, Шопа ауылына кіреберіс жолында қар еріп, Шерубай-Нұра өзені деңгейінің көтерілуі нәтижесінде су тасқыны (ені – 300 м, тереңдігі – 20 см) орын алды. Шопа ауылына жол жүру шектелген», – деген хабар таратты облыстық төтенше жағдайлар департаменті.

Бұқар жырау ауданында «Қарағанды-Аягөз-Бұғаз» автожолының 44 шақырымында еріген судың қарқынды түсуіне байланысты су толып, жолды шайып кетті. Ұзындығы – 300 метр, ені – 40 метр, тереңдігі – 15 сантиметр. Қозғалыс Қарағанды қаласынан Бастау кентіне дейін шектелген.

– Аталған тас жолдарда төтенше жағдайлар департаменті мен полиция қызметкерлері жолдарды жабу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында күшейтілген режимде жұмыс атқаруда. Жалпы облыс бойынша су тасқыны кезінде жол жабу үшін облыстың полиция департаментінің 86 жеке құрамы және 42 техника жұмылдырылды. Облыс жолдарында шамамен 350 жеңіл, 320 жүк және 26 қоғамдық көлік, сондай-ақ 3 мыңнан аса жүргізуші мен жолау­шылар қалып қойды. Төтенше жағдайлар департаменті және жергілікті атқарушы билік өкілдері қауіптің алдын алу мақсатында ауқымды жұмыстар атқаруда, – дейді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының инспекторы Дәулет Қонақбаев.

Бір тәулік ішінде апат аймақтарында 5 190 қап төселіп, 13 500 текше метр су сорылғанын айту керек. Жұмыстарға жеке құрамның 273 адамы және 23 техника жұмылдырылды.

Су тасқыны жағдайы қатаң бақылауда. Облыста жедел штаб су тасқыны жағдайын тәулік бойы қадағалап отыр. Барлық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды.

«Облыс тұрғындарын су басу және еріген судың жиналу қаупі туралы (8-7212) 43-36-36, 43-37-37, 112 телефондары арқылы хабарлауларыңызды сұраймыз», – дейді төтенше жағдайлар департаменті.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button