Тағзым

Тарланбоз есімі – тақтада

Сансызбай БЕКБОЛАТОВ – өлшеулі ғұмырын театр өнерінің өркендеп, өсуіне арнады. С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драмма театрының ыстығы мен суығына төзіп, қасиетті қара шаңырақтың қанат жаюына бар күшін сарп еткен бірегей тұлға еді. Театр тарланының өмірден өткеніне де 1 жыл өтіпті. Дүйсенбі күні марқұмның ғұмырының соңғы 8 жылы өткен Қасым Аманжолов көшесі №96/1 үйдің қабырғасына мемориалды тақта орнатылды.

Сансызбай Нұрсияұлы Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері. Өмірінің соңына дейін Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық драма театрының директоры қызметін атқарды. 1973-1977 жылдары Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының театр факультетінде оқып, СССР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Хадиша Бөкеева, Әшірбек Сығай, Демеш Арынғазиева сынды шеберлерден дәріс алған.

Өнер жолын 1977 жылы С.Сейфуллин театрынан бастайды. Талантты актер К.Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметшісінде» – Труфольдино, Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебегінде» – Жамал, М.Кәрімнің «Ай тұтылған түнінде» – Ақжігіт, А.Бектің «Волокам тас жолында» – Заев, Гогольдің «Үйленуінде» – Подколесин образдарын сомдап, көпшілік жадында қалды.

– Сансызбай – өнердегі, өмірдегі жақын досым. Ағам болып кеткен адам. Қашан келсем де жұмыстың астында отыратын. Өзі басқарған театрдың өркендеу жолында қолдан келгенін аянбады. Басшылық етіп отырған уақытта театр үлкен жетістіктерге жетті, – дейді әріптесі, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Наз би» театрының басшысы, Еркебұлан Ағымбаев.

Сондай-ақ, Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» қойылымындағы Қортық шалдың комедиялық образын жоғары деңгейде сомдап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Б.Мұқайдың «Заманақырдағы» Дастан образын сомдаған қойылымы Жезқазғанда өткен республикалық театр фестивалінде «Ең үздік ерлер бейнесі» номинациясын иеленеді. Дулат Исабековтің «Әпке» спектакліндегі Омар бейнесі үшін Шымкент қаласында өткен республикалық фестивальде «Ең үздік эпизодтық роль» жүлдесін алған.

– Сансызбай менен 2 курс жоғары оқыды. Әрі жатақханада бірге тұрдық. Есігіміз жабылмайтын. Қызмет бабымен Қарағандыға келгенімде құрақ ұшып, қарсы алған жандардың бірі – Сансызбай еді. Өзім театрдан қалмаймын. Актерлердің шеберлігін көріп, қуанатынмын. Себебі, бәрі Сансызбайдың мектебінен өтті, – дейді досы, ҚазҰУ профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Байсағатов.

Шараға келген қауымға театр басшылығының арнайы тапсырысымен әзірленген театр тарланбозының өмірі мен шығармашылық жолын қамтитын деректі фильмі көрсетілді. Сонымен қатар, аймақтың бас телеарнасы «Saryarqa» ұжымымен бірлесе түсірген «Өнегелі тұлға» арнайы хабары да телеарна арқылы көрерменге жол тартты.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button