Сенбі күні Шет ауданындағы тарихы терең Талдыда «Талды – өркениеттер тоғысында» атты халықаралық археологиялық-этнографиялық фестиваль өтті. Алғаш осы төңіректе қазба жұмыстары жүргізіліп, түрлі жәдігер табыла бастағанда бір топ тарихшы осында тарихи-археологиялық парк құруды ойластырған еді. Сол аспан астындағы мұражайда өткен кешегі басқосуға алыс-жақыннан меймандар келді. Әуелі шетелден келген ғалымдардың қатысуымен өткен конференцияда осы аумақта жүргізілген зерттеу жұмыстары һәм алдағы жоба-жоспар талқыланды. Онымен қоса, қола балқыту, қыш құмыра жасау, ұлттық киім түрлерін тігу және ұмыт бола бастаған қазақ тағамдарын әзірлеу секілді этно жұмыстарға елдің ықыласы ерек болды.
Талды паркі турист тартады
Конференцияның шымылдығын Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысов ашып берді. Ол өзінің құттықтау сөзінде мұндағы жұмыстарға үш жыл бойы жергілікті бюджеттен қаражат бөлінгенін, сол арқылы ішкі туризм ағымын арттыруды мақсат етіп отырғандарын атап өтті.
Алматыдан келген «Беғазы-Тасмола» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Арман Бейсенов ерте темір дәуірінің Қызылжартас қорымынан табылған жәдігерлерге жасалған ғылыми талдаудың нақты нәтижелері негізінде баяндама оқыды.
– Қызылжартаста 2500 жыл бұрын салынған қорымдардың алғашқысы 2020 жылы зерттелген. Бұл жерден 4 бірдей тас мүсіннің табылуы балбал тастардың түркі заманында емес, одан әрі сақтар кезінде болғанын айдай әлемге паш етті. Одан бөлек түрлі алтын әшекейлер, қару-жарақ, құрбандыққа шалынған мал сүйектері табылды. Маңайындағы қорымдардың ертеректе көп тоналып, сәулеті бұзылған, – деген өкінішін білдірді баяндамасында.
Сөзіміздің басында шетелден келген ғалымдардың да фестиваль басынан табылғанын айта өттік. Конференция кезінде сөз алған Анкара университетінің ғалымы Серхан Чинар, Манас университетінің ғалымы Негизбек Шабданалиев, Ташкенттен келген тарих ғылымдарының кандидаттары Саида Ильясова мен Рахмонали Муродалиев Талдыдағы түрлі тарихи кезеңнен сипат беретін дала мұражайына таңданыстарын жеткізді.
– Орталық Қазақстан археологиясын терең зерттеген Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Кемал Ақышев сынды ұлы археологтарға бас иіп қою керек. Солардың еңбегінің арқасында, солар салып беріп кеткен жолдың нәтижесінде міне, Арқа жерінің тарихи кезеңдерге бай екені анықталып отыр. Қазақстан, оның ішінде Орталық Қазақстанның тарихи дәуіріне біздің Түркия елінің қызығушылығы жоғары. Осындағы археологтармен әріптестікті әлі де әрмен қарай нығайтамыз деген сенімдеміз, – дейді түрік ғалымы Серхан Чинар.
Сонымен қатар, конференцияда Астана университетінің PhD докторы Айбар Қасенәлі Сарыарқаның қола мен темір дәуірлері кезеңдеріндегі ескерткіштердің зерттелуіне тоқталса, тарихшы Ерлан Амиров Ақкезең алқабының киелі кеңістігі жөнінде кеңінен әңгімеледі.
Ал осы алқаптың қазба жұмыстарына жетекшілік етіп, 200-ге жуық жәдігердің жаңғыруына елеулі еңбек сіңірген Игорь Кукушкин археологиялық қазба жұмыстарына қысқаша тоқталып өтті. Алда осы аумақты әлі де зерттей түсіп, тарихи алқаптың ауқымын арттыру жөніндегі жоспарын да айта кетті.
Киіз үйде өткен келелі конференцияда талқыланған тағы бір мәселе – Талды тарихи-археологиялық паркін әрмен қарай жаңғырту. Осы тақырып төңірегінде алыс-жақыннан жиылған ғалымдар, сарапшылар пікір алмастырды. Ортақ мүдде үшін ой біріктіріп, жұмыс істеуге уағдаласты.
Ел ықыласы ауған этноауыл
Конференциядан соң, жиылған жұрт дала сахнасына қарай беттеді. Мұнда театрландырылған қойылым өтіп, әрмен қарай концерттік бағдарлама жалғасын тапты.
Қайта жаңғыртылған металлургиялық пешке қола балқыту жұмысын тамашалаған көпшілік өз қолымен пышақ пен жебе ұшын құйды. Ұлытау облысынан келген Жезді музейінің қызметкері Айдар Шарханұлы металлургияның ата-бабадан қалған мұра екенін жеткізіп, мән-маңызына тоқталды. Мұнымен қоса, атқа жегілген арбалардың да сұлбасы жасалып, көрермен назарына ұсынылды.
Аспан астындағы мұражайдан осы төңіректе табылған құнды жәдігерлерді көзбен көрді. Аумағы екі ауылды алып жатқан Талды паркінен табылған ең құнды жәдігердің бірі – сақ қазаны. Облыстық тарихи өлкетану музейінің басшысы Ержан Нұрланұлы жәдігер жайлы әңгімесін былай өрбітеді.
– Біршама жұмыс атқарылды. Қазба жұмыстарынан соң, қазылған жерлерді қалпына келтірдік. Жер астынан 200-ден аса жәдігер шықты. Міне, осындағы жұрттың көзіне ең көп түскені – сақ қазаны. Былтыр табылды. Мұндай сақ дәуіріне тән қазанның Орталық Қазақстаннан табылуы алғаш рет, – дейді мұражай басшысы.
Ұмыт болған қазақ тағамдарының көрмесі де – осында. Фестиваль меймандары Астанадан арнайы келген этнограф-ғалым, қазақ ұлттық тағамдарының зерттеушісі Айгерім Мусағажинованың дастарханын қызықтады. Зерттеуші Айгерім Александрқызы төңкерме атты дәстүрлі тағам түрін әзірлеп көрсетті.
– Қуырылған бидайды диірменге тартып, босанатын әйелдерге арнайы әзірлейтін тағам түрі. Дәстүр бойынша енесі келінді босандыру үшін әйелдерді көмекке шақырған. Келгендер бірлесіп, осы тағамды әзірлеген. Бұл олардың қолдауын, қамқорлығын білдіреді. Төңкермені босанған әйелдің күшін қалпына келтіру үшін бірден осы тағаммен қоректендірген. Халық ішінде төңкермені доғалатпа деп те атайды, – дейді Айгерім Александрқызы.
Қарағандылық оқушылар Шахтинск қаласының қолөнер шебері Ерсін Манарбекұлынан қыш құмыра жасау бойынша шеберлік сабағынан өтті. Солардың қатарында Құлайғыр ауылындағы мектептің 9 сынып оқушысы Даяна Жаңабекова да бар.
– Осы бір іс-шараға ауылдан мұғаліміміз алып келді. Маған қатты ұнағаны – қыш құмыра жасағанымыз. Аса қиын емес екен. Ерсін Манарбекұлы барлығын түсіндіріп, көрсетіп берді. Шағын құмыра жасап шықтым. Өзіме естелікке алатын болдым, – дейді Даяна Жаңабекова. Бұдан басқа, киізге сурет салу бойынша да шеберлік сабағы өтті.
Фестиваль қонақтары «Арқа сазы» фольклорлық ансамблінің, «Тоқырауын толқындары» халықтық ән-би ансамблінің және Алматыдан арнайы келген «Арқайым» этнографиялық-фольклорлық тобының өнерін тік тұрып тамашалады.
Бабадан қалған ұлттық киімді ұлықтап жүрген «Ұлжан» және «Мақпал» сән үйлерінің дизайнерлік көрсетіліміне көпшілік қол соқты.
Мәдени шара түйінделер тұста көрермен қауым фестивальдің аутро аймағынан графикалық көріністі тамашалады. Фестивальге қатысушылар Талды тарихи паркіндегі ескерткіштерге экскурсия жасады.
Сондай-ақ, қонақтар садақ атып, алтыбақан теуіп, атқа мініп, құс ұшырды. Осындай көрініс фестивальдің мән-маңызын аша түскендей.
– Мақсатымыз – тарихи парктің жұмысын әрмен қарай жандандыру. Біз осы тарихи дүниелеріміз арқылы туристер тартуды жоспарлап отырмыз. Музей қызметкерлерімен ақылдасып, экскурсиялық маршруттар ұйымдастыруды жолға қоймақпыз. Бүгінгі маңызды шара – соның бастауы, – дейді облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов.
Талды тарихи аумағының бүгінгі белесі – осы. Әлі де тиісті зерттеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіле бермек. Олай болса, алдағы уақытта да адамзат баласын таң қалдыра түспек. Фестивальден түйіп қайтқан ойымыз бұл.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Шет ауданы
Ortalyq.kz