Тарихтан – тәлім
Жуырда Қарағанды облысының мемлекеттік архивінде №21 мектептің 5,6,7 кадет сыныптарында оқитын балаларының қатысуымен тарихи өлкетану сабақтары өтті.
Архив – тарих айнасы деп бекер айтылмаған. Архив тарихи құнды құжаттарға бай. Сабақты архив басшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Ж.Тұрсынова жүргізді. Сабақ барысында Жаңагүл Жарекқызы облыс архивінің 80 жылдық тарихына да тоқталды. Архивте шыққан құжаттық жинақ кітаптар көрмесіне, архивке экскурсия жасалды. Сабақ барысында құжаттық видеофильмдерден үзіліс көрсетілді.
Сабақ тақырыбы – қазақ тілінің латын алфавитіне көшірілуін мектеп оқушыларына түсіндіру. Сабақ барысында облыстық архивте сақталған латын әрпімен жазылған тарихи ескі құжаттардан жиналған «Рухани жаңғыру – заман талабы» атты көрмені қызықтап таныстық. Көрмеде өткен ғасырдың 20-40 жылдарындағы партия комитетінің құжаттарын, ауыл, сельсоветтердің құжаттарын және тағы басқа тарихи құжаттарды балалар өз көздерімен көріп, тарих беттерін тамашалады.
Балалар өз туған жерінің тарихын терең білгілері келіп, сұрақтар қойып, сабақ жақсы және қызықты өтті. Ұлы Даланың – Сарыарқа жерінің тарихы, оның ішінде, тарихта қалған тұлғалардың да ролі ерекше екеніне де тоқталдық. Тарихты тұлғалар жасайды ғой. Мұндай архив ғимаратында өткен сабақтар жасөспірімдердің ой-өрісін, сана-сезімін, өмірге деген жаңаша көзқарасын, туған жеріне деген құрметтерін, патриоттық сезімдерін қалыптастырып, ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз, әдебиетіміз, өнеріміз бен күйіміз, жалпы, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы үшін осындай өлкетану сабақтарының ролі зор.
Латын қарпіне көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты. Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес.
Бауыржан ОСПАНОВ,
№21 мектеп кадет сыныбының тәрбиешісі.