Тарих таразылаған талғам

        Еліміздің саяси жүйесі жаңғыру табалдырығында тұр. Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық жылнамасында дамудың озық үлгісін танытқан Қазақстан үшін Президенттік басқару жүйесі көнерді деп айта алмаймыз. Дегенмен, жаңа заман талабы мемлекеттік басқару жүйесін ретті реформа негізінде қайта жаңғыртуды меңзейді. Осы ретте ҚР Президенті Н.НАЗАРБАЕВТЫҢ бастамасымен Мемлекеттік басқару жүйесін Конституцияға өзгерістер енгізу арқылы реттеу жөніндегі ұсынысы бойынша құрылған арнайы жұмыс тобы қоғамдық талқыда таразыланған ұсыныс-пікірлерді толық зерделеп, реформа жобасын нақтылады. 1 наурыз күні Мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттіліктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының қорытынды кеңесіне және кеше ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысына қатысқан Елбасы түпкі түйінді өзі тарқатты.

        Сонымен…

Референдумсыз реттелетін реформа

Бүкілхалықтық талқылауға шыға­рылған конституциялық реформалар жобасы төңірегінде ұсыныстар мен пікірлерді жинақтауда, сын-ескертулерді зерделеуде, сараптап, салмақтауда арнайы құрылған жұмыс тобының әрекеті белсенді һәм жүйелі болғанын атап өткен Елбасы:

Өзімнің конституциялық құқы­ғымды пайдалана отырып, мен ре­фе­рендумға шығармай-ақ, Парламентте талқылау арқылы Негізгі заң­ға өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдадым, – деді.

Ең тиімді жол – осы. Біріншіден, референдум өткізу – қыруар қар­жылық шығын. Екіншіден, саяси билікті жаңғырту жобасы референ­думсыз-ақ, бір ай бойы барша қазақстандықтар арасында қызу әрі белсенді талқыланды. Осы орайда, БАҚ пен әлеуметтік желілердің ықпалды болғанын атап өткеніміз де жөн.

Сонымен, Ата Заңымыздың қай бабы өзгереді? Айталық, Консти­туцияның 23 бабына өзгеріс ен­гі­зілмек. Мұның барлығы – Мем­лекеттік басқару тетігінің өкілеттігі туралы баптар. Бұл жерде Прези­денттің кейбір өкілеттігін биліктің өзге тармақтарына беру арқылы Пар­ламенттің пәрмені мен Үкі­мет­тің дербестігін қамтамасыз ете­тін тарихи маңызды өзгерістер бар. Мәселен, Үкіметтің құрамын жа­сақ­­тауда Парламенттің пәрмені күшейеді. Сондай-ақ, Үкіметтің Парламент алдындағы есептілігі артады. Ал, Үкіметтің Президенттік билік алдындағы дербестігі дегеніміз жауап­кершіліктен сытылу емес. Ке­рісінше, жауапкершіліктің артуы. Осы­ның барлығы нақты нормалармен белгіленіп, Конституциямызда нақ­тыланатын болады.

Рас, Президенттік басқару жүйесі Қазақстан үшін табысты болды. Билік өзінің тарихи міндетін толық атқарды. Десек те, халықтан түскен ұсыныстардың дені Президент өкі­леттігін нығайтуды көздейді. Бұл де­геніміз – халықтың Президентке деген селкеусіз сенімінің өлшемі.

26-шы бапқа

алаңдамаңыз

Қазақстандықтардың барлық ұсы­ныс-тілегін жан-жақты екшеп, сұң­ғылалықпен сараптаған Елбасы Ата Заңымыздағы 26-шы бапқа енгізілетін өзгеріс төңірегіндегі даулы мәселеге нүкте қойды. Аталған бапта меншік құқы туралы норма «Қазақстан азаматы» деп басталатыны белгілі. Ал, ұсынылған жоба осы редакцияны «Әркім» деген сөзбен алмастыруды меңзеген болатын. Талқылау кезінде қарапайым халық осы жобаға наразылық танытып, Елбасына емеурінмен қараған. Елбасы ел сенімін ақтады!

Өз халқын «әркімге» телміртпейтін кемеңгер Көшбасшы екендігін, хал­қының тағдырына бейжай қарай ал­майтын Ұлттық деңгейдегі Көсем екен­дігін дәлелдеді. Халықтың кө­кейіндегіні дөп баса білген Көшбасшы ғана осылай етсе керек-ті.

Жұмыс тобына Конституция баптарының үштен екісін және оның барлық бөлімін қамтитын 6 мың ұсы­ныс келіп түсті. Бүкіл Конституция­лық реформа қоғамымызды біріктіре түсуге бағытталады. Сондықтан, мен 26-бапты бұрынғы редакцияда қал­дыруды ұсынамын. Жалпыұлттық тал­қылаудан өткенін ескеріп, заң жобасын Қазақстан халқының ортақ ұстанымы деп байыптауға болады. Жұрт өз сөзін айтып, сол арқылы мемлекеттік биліктің жаңғыруын қол­дады, – деді елімен етене Елбасы.

Әрине, халықтың қоғамдағы әр өзгеріске асқан белсенділікпен үн қоса білгендігі Елбасының көкейіне қонып тұр. Әлеуметтік желілердегі, кейбір сары жағал басылымдардағы наразы пікірлердің өзін өз саясатына қолдау деп қабылдағанын жасыра алмады Ұлт Көшбасшысы. Ел тағдыры мен тарих алдындағы жауапкершілігін бірінші орынға қойып келген Елбасы бұл жолы да елінің өзіне деген тарихи сеніміне селкеу түсірген жоқ.

Елбасы талғамы мен Ел тағдыры таразы басын тең ұстап тұр! Егіз ұғым­ға айналып…

Ерсін МҰСАБЕК

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.