Бас тақырыпКоронавирус

Таразыдағы тағдырлар тарықпайды

Төтенше жағдай талайды тығырыққа тіреді. Індет табалдырығынан аттаған кез келген мемлекет дәл қазір вирустың таралуына тосқауыл қоюмен қатар, өз халқының әл-ауқатын назарда ұстап, қиын сәтте тұралап қалмауын қадағалауда. Біздің елімізде де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ тапсырмасымен Үкімет нақты шараларды іске асыруды қолға алды. Себебі, адам – елдің басты байлығы. Осы ұстанымнан айнымаған мемлекетіміз төтенше жағдай кезінде тұрғындардың әл-ауқатын басты орынға қойды.

Қолдау мен көмек алғашқы кезекте көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға, ресми тіркелген жұмыссыздарға көрсетілді. Солай болуы – заңды. Себебі, көпбалалы отбасы – береке-бірліктің ошағы, демек, еліміздің дархан болашағының кепілі. Ал, мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесі – үнемі мемлекеттің тікелей назарында.

Тұрмыстың қиын жағдайына тап болған азаматтарға берілетін көмектің бір түрі – азық-түлік себеті. Төтенше жағдай жарияланғалы бұл көмек 500 мыңға тарта адамға берілетін болған-тын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен тізім кеңейтіліп, қосымша қаржы қарастырылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ел бойынша 1 млн. 243 мың адам осындай көмек алғанын айтты. Олар азық-түлік жиынтығын, болмаса, 4 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржы алуда.

Үкіметтің ұсынған тағы бір жеңілдігі – ешқандай мекемеге барып, өтініш жазудың қажеті жоқтығы. Көмек алуы тиіс азаматтардың тізімін жергілікті атқарушы орган өзі қалыптастырып, тиісті жәрдемді тағайындады.

Төтенше жағдайға байланысты азаматтардың бірқатар санатына азық-түлік көмегі тұрмыстық жинақ ақша түрінде шоттарына аударылады. Тек, жеке шот номері болуы тиіс, қаражат сол шотқа түсіп тұрады. Бөлінетін қаржы көлемі де аз емес.

Отбасының әр мүшесіне берілетін мөлшері – 5567 теңге.

Шоттарына қаржылай әлеуметтік көмек түскен көпбалалы отбасылардың мемлекетке айтар алғысы шексіз. Қарқаралы ауданы, Қарағайлы кентінің тұрғыны, алты бала тәрбиелеп отырған Мейрамгүл Шәкірова елімізде төтенше жағдай енгізілгелі шынайы қамқорлықты ерекше сезінгенін айтады.

– Үкіметтің бізді, көпбалалы отбасылардың тыныс-тірлігін көңіл бөліп, көмек жасауының арқасында мен ештеңеге алаңдамай, балаларымның тәрбиесімен айналыса аламын. Қазір олардың сабақтарын қадағалап, алаңсыз білім алуына, елжанды азамат болып өсуіне айрықша көңіл бөлудемін. Әлбетте, осының барлығы – мемлекетіміздің бізге жасаған қамқорлығының арқасы. Отбасының ғана емес, мемлекеттің де негізгі діңгегі – ананы сыйлаған, ананы құрметтеген елдің мерейі әрқашан үстем болары анық, – дейді ол.

Облысымызда наурыз айының өзінде ғана кепілдендірілген атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардағы 6 316 балаға ақшалай төлем түрінде азық-түлік-тұрмыстық жинақ төленді. Оған бөлінген қаржы көлемі – 35,1 млн. теңге. Ал, сәуір айының соңына дейін 427 млн. теңгеге 76 мыңнан астам адамды азық-түлік-тұрмыстық жиынтықпен қамтамасыз ету – жоспарда.

Қазірдің өзінде бұл көмекті 18 мыңнан астам алып отыр. Солардың бірі – Приозерск қаласының тұрғыны Мөлдір Құтжанова. Жолдасы ІІ топтағы мүгедек болғандықтан, елге індет енгелі балалары ойлап, қатты алаң болғанын, алайда, мемлекет тарапынан жасалған көмек көңілдегі күдігін сейілткенін жасырмайды. Төтенше жағдай кезінде берілген азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттарды 4 қызы мен 1 ұлының қажетіне жаратқан Мөлдір ай сайынғы қолдау шаралары қиын кезеңде отбасы бірлігін одан сайын бекемдей түскенін айтады.

Облысымыздағы мүмкіндігі шектеулі жандар да карантин деп қарап жатқан жоқ. Үкімет көмегінің арқасында олардың қалыпты өмірлері еш өзгермеген. Мәселен, Абай ауданы, Топар кентінің тұрғыны, І топтағы мүгедек Серік Қартбеков аудан әкімінің мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі ретінде қоғамдық жұмыстардан қол үзген жоқ.

– Аудандағы I, II және III топтағы мүмкіндігі шектеулі жандардың барлығына 5 567 теңге көлемінде ақшалай көмек түсті. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар орталығы алдын ала тізім әзірлеген еді. Жеке шотына тиесілі қаржы түспей қалған ешкім жоқ әрі барлығы мұқият тексерілді. Абай ауданы бойынша қаржылай көмек алған I топтағы – 200 адам, II топтағы – 200 адам және III топтағы 350 адам үшін бұл – өте маңызды. Оның көлемі аз деп те айта алмаймыз. Бес жарым мың теңгеге май, ұн тәрізді азық-түлік түрлерін, күнделікті тұрмысқа қажетті заттарды алуға болады. Мемлекетіміз мүмкіндігі шектеулі жандарды ұмытпайтынын және қамқорлықтан тыс қалдырмайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді, – дейді Серік Қартбеков.

Ал, Приозерск қаласының тұрғыны, бұған дейін аз қамтамасыз етілген отбасы ретінде атаулы әлеуметтік көмек алып келген Людмила Стец – екі бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана. Төтенше жағдайға дейін 7 жасар баласына мектепте әртүрлі жеңілдіктер көрсетілсе, қазір 5567 теңге алып отыр. Ал, 4 жасар баласына азық-түлік себетін алады.

– Азық-түлік себетінде жарма, сүт, май тәрізді аса қажетті өнімдер бар. Ал, 5567 теңгеге көкөністер мен басқа да қажетті заттар алдық. Екі баламды жалғыз тәрбиелеп отырғандықтан, бұл маған дер кезінде жасалған көмек болды, – дейді Людмила Стец.

Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Back to top button