Тар жолда тағдыры тоғысқан

Қазақстан Тәуелсіздік алған соң-ақ, татулық пен келісімді ұстаным етіп, бейбітшілік ұраны болып әлемге аты жайылды. Ел іргесінің мызғымас беріктігіне көзі жеткен қандастар байырғы мекендеріне қайта көшті. Ал, ескі заманда елінен шеттетіліп, Қазақстанға жер аударылған өзге этностар жайы қалай еді?! Кешегі шешен, кәріс, әзірбайжан, қала берді, неміс ұлтының өкілдері Қазақстанды елім деп емірене сүюіне не себеп?!

Осы сұраққа жауапты бүтін 17 облысты аралай іздеп, көрген-білгенінен деректі фильм жасаған Қазақстан халқы Ассамблеясының телевизиялық экспедициясы еді. Оның ішінде «Хабар» арнасының тележүргізушісі Мая Бекбаеваның еңбегі ерге тән. Аталмыш кинодеректің елдегі ұлтаралық келісімнің, ішкі адамгершілік пен бауырмалдықтың мәні мен құдіретін түсіндіруде маңызы зор. Экспедиция «Бейбітшілік және келісім жолымен» деп аталды. ҚХА төрағасының орынбасары Майя Бек- баева түсірілім тобымен бірге жарты жыл ішінде ел ішін түгел аралап, көптеген этнос өкілдерімен кездесіп, олардың Қазақстанмен байланысына тереңінен үңілген. «Бейбітшілік және келісім жолымен» тележобасы 5 сериядан тұрады. Яғни, Орталық Қазақстан, Солтүстік, Оңтүстік, Шығыс және Батыс Қазақстан бөлімдері. Осынау тарихи жобаның тұсауы жер кіндігі Арқа төсінде кесілді. Ал, қалың көрермен аталған телетуындыны «Хабар» телеарнасынан көре алады.

Біртұтастықты байрақ еткен бірегей фильмді Қарағанды қаласының Достық үйінде біз де көріп көзайым болдық.

Біздің назарда Қарағанды облысының ірілі-ұсақ қалаларында өмір сүріп жатқан түрлі этностар. Бір ерекшелігі Иван Кныриктің отбасындағы сақталған қазақы салт-дәстүр болды.

– 12 жасымда әкем қайтыс болған соң, мені қазақ отбасы асырап алды. Содан бері мұсылман дінін қабылдап, қазақы салтқа берік бола бастадым. Ұлтым орыс болғанымен менің тілім, ұстанымым, тәрбием, мақсатым – бәрі қазақпен тікелей байланысты. Балаларымның барлығының аты қазақша. Жұбайым – қазақ. Әр қазақтың жаны жылқыға жақын. Менің де, жылқы десе көңілім ала бөтен. Жастайымнан ауылда ат үстінде өстім. Көкпар тартып, бәйгеге шауып жүрдім. Міне, енді қазір балаларыма деп ұстаған жылқыларым бар. Ұлымды демалысында жабағыға мінгізіп, жылқы малының қыр-сырымен білгенімше таныстырудамын. Арманым – шағын ат қора салып, бәйге аттарын ұстау, көкпар аттарын дайындау, – деп астау толы етті дастарханға қоя берді отағасы Иван. Осы бір көрініс залда отырған түрлі этнос өкілдерін бір тебірентіп тастады.

Кешегі қиын қыстау заманда тар жолда тағдыры тоғысқан этностардың Қазақстанның біртұтас еліне айналғандығы еріксіз ішті жылытады. Иә, біздің жеріміз сүйіспеншілік пен сыйластық орнаған, үлкенді-кішілі жүзден астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан қасиетті жер және солай болып қала бермек. Кең ауқым- ды телевизиялық жоба 17 аймақ, мыңдаған тарих пен кездесулер, әртүрлі кейіпкерлер мен тағдырларды қамтыған. Және олардың барлығының Отаны бір. Жобаның тағы бір басты кейіпкері – Александр Шлехт. Ол Жезқазғандағы құю-механикалық зауыттың болат балқытушысы. Ұлты неміс болса да, өзін қазақпын деп санайды.

– Менің атам осы елге келгенде әкем бала екен. Кейін анаммен отау құрғаннан кейін әкем көп ұзамай көз жұмды. Уақыт өте келе анам қазақ жігітке қосылды, қазір, міне, әке мейірімнен кенде емеспіз. Ол менің туған әкем емес, қанымыз бір болмаса да, жанымыз бір. Мен оны туған әкемнен артық жақсы көремін. Қазіргі жағдайға жетуімнің бірден-бір себепкері –сол кісі. Мен қазақпын, тілім қазақ, – деп мақтанышпен өз пікірін білдірді Александр Шлехт.

Тату елге тыныштық пен тоқшылық нәсіп. Күлтегіннен қалған өсиет қай заманда да өзекті. Ел іші тату болса, береке кіреді. Бейбітшілік бар жерде, экономика өркендейді, саясат салмақты болады. Құбылмалы әлемде ешқашан өзгермейтін бір құндылық барын Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев ылғи айтады. Ол – қоғамдағы бірлік пен ұлтаралық келісім. Осы құндылықты кейінгі ұрпаққа аманаттау – әр қазақстандықтың парызы. Әсіресе, қазіргі алмағайып тұста елдің ішкі бірлігі бағалы қашанда. Сондықтан, осы бір деректі фильмнің айтары, берер тағылымы мол.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.