Танк

Балқаш қаласында өткен күннің куәсі, көнеден сыр шертер ескерткіштер жеткілікті. Солардың бірі – осыдан 43 жыл бұрын орнатылған «Т-34» танкі ескерткіші. Экспонат Желтоқсан көшесінде орналасқан.

«Т-34» танкі алғашқы кезде зауыт алаңына орнатылды. Бұл – балқаштықтардың соғыс кезіндегі табанды еңбегіне берілген баға еді. Тарихшылардың айтуынша, аталмыш танк Балқаш пен Ақшатаудың вольфрамынан, молибденінен құйылып, сауыт киген батырдай жаудың шебін бірнеше мәрте бұзған.

– Ұлы Отан соғысы жылдарындағы экспонаттарды кез келген жерден кездестіре бермейсіз. Қала комсомолдарының ынтасы бойынша 1978 жылдың 22 ақпанында Кеңес Қарулы Күштерінің 60 жылдығы қарсаңында Ұлы Отан соғысындағы балқаштықтардың еңбегі құрметіне «Т-34» танкі орнатылды. Айта кетейік, 1941 жылдың көктемінде Шығыс Қоңырат кеніші ашылып, 1942 жылы молибден зауыты жұмысын бастады. Отан үшін отқа да күйіп, суға да түскен еңбеккерлер екі ауысымда жұмыс істеді. Соғыс уақытында КСРО-да өндірілген әрбір 100 тонна молибденнің 60 тоннасын көл жағасын жайлаған жұрт беріп отырды, – дейді тарихшы Дәулет Қожақов.

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.