Басты тақырып

«Талаптың мініп тұлпарын» түлектер түсті бәйгеге

      unnamed222Кеше Қарағандыда жаңа форматтағы Ұлттық Бірыңғай Тестілеу басталды. Жаңа формат дегенмен, өзгерістер талапкер білімін тура таразылайды деп айту қиын. Өйткені, жаңа формат жөніндегі түсіндіру жұмыстарының өзі жылдың ортасына дейін жалғасқанын ескерсек, оқушылардың психологиялық дайындығы ата-аналарды алаңдатуда. Алайда, жыл сайын жаңғыратын жаңа реформаларға еті үйренген оқушы үшін жаңа формат та ауыз толтырып айтарлық жаңалық болмаған секілді.

Жалпы, облыс түлектері биыл ҰБТ-ны үш ағын 21-23-25 маусым аралығында тапсырады.

Сол үшін тестілеуді 15 орталықта өткізу жоспарланған. Газеттің алдыңғы сандарында хабарлағанымыз­дай, жаңа формат бойынша түлектер ҰБТ-ны 5 пәннен тапсырады. Оның ішінде: Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы (20 тапсырмадан, шекті деңгейі – әр пәннен кемінде 5 баллдан) және таңдалған мамандыққа сәйкес 2 бейінді пәннен (30 тапсырмадан, шекті деңгейі 15 баллдан кем болмауы тиіс). 120 тесттік тапсырма бойынша түлек максималды 140 балл алуы мүмкін. Тапсырмаларды орындауға 3 сағат 50 минут уақыт берілген.

Әдеттегідей, биыл да ҰБТ-ның белгіленген тәртіп бойынша өткізу мен ережелердің орындалуын қадағалау үшін тестілеу өткізілетін пункт­терге ЖОО (75 пайыз) және колледждердің (25 пайыз) оқытушылары жүр. Ата-аналар қарасы да аз емес.

Баласын тестілеуге әкелген №27 мектеп түлегінің ата-анасы: «Биыл – ҰБТ тапсырып, грант алмағандар ақылы негіздегі оқу орнына тапсырады. Бұл – түлектерге жоғары білім алуға жақсы мүмкіндік. Жаңа форматта өткені дұрыс болды, балалардың мектепте алған білімін көрсетеді, кейін жоғары оқу орнына тапсыру-тапсырмауды өзі шешеді», – дейді. Мектептегі емтиханды сәтті өткерген оқушы ата-анасының пікірі осыған саяды.

Айта кеткен жөн, биыл жаңа форматқа сай 29 мамыр – 9 маусым аралығында мектеп түлектері облыс бойынша қорытынды аттестаттауды тапсырды. 7 576 мың түлек (2016 жылға – 6 935) мектеп бітірді. 7 446 – түлек мектепте мемлекеттік емтихан тапсырды. Денсаулық жағдайына байланысты және оқу-жаттығу жиындарына қатысушы Қазақстан Республикасының құрама командасына кандидат – 130 талапкер қорытынды аттестаттауды тапсырудан босатылды. Өткізу жөніндегі комиссия жоғары деңгейде үйлесімді және жедел жұмыс істеді. Нәтижесінде 287 түлек – «Алтын белгіге», 266 түлек – үздік аттестатқа үміткер болды. Қорытынды аттестаттау нәтижелері бойынша «Алтын белгіні» –281 түлек (98%), үздік аттестатты – 262 (98,4%) оқушы қорғады. Сөйтіп, ҰБТ қорытындысы медальға ие болуға әсер етпейтін болғандықтан, «Алтын белгіні» растаған оқушылар саны екі есе артты. Өзгерістерге оң қабақ танытқан, ҰБТ-ның ҚарМУ-дағы пунктіндегі мектеп ұстаздары: «ҰБТ-ның жаңа форматы мұғалімге де, оқушыға да ыңғайлы болды.Түлектер өз білімдерін барынша дәлелдеуге мүмкіндік алды. Мысалы, тестілеу алғаш рет елімізде 2004 жылы басталғанда міндетті үш, таңдаулы бір пәннен (120 сұрақ) тұрды. Мектеп аттестатын алып, ЖОО-ға түсті. Кейін пән саны бесеу болып, 25 сұрақ ұсынылды. Ал, биыл ҰБТ-дан қажет балл жинай алмағандар сол жылы тамыз айында және келесі жылы қайта тапсыра алады. Бұл бас­тама жастарға жақсы мүмкіндік беріп отыр», – дейді.

Бүгінгі күні облысымыздың барлық аудандары мен қалаларында құрылған комиссия тестілеуді ұйымдастыру және өткізу үшін түлектердің қауіпсіздігін жауаптылыққа алды. Сондай-ақ, ата-аналар үшін тікелей көрсетілім ұсынылған.

Биыл ҰБТ-ға кірген түлектерден қатты алаңдаушылық байқалмады. Мүмкін, олар жаңа форматқа сеніп келіп, емтиханда жаттанды түрде емес, тегіс түсініп жауап беремін дейтін болар. Өйткені, ҚР БҒМ тарапы жаңа форматты тілге тиек еткенде, талапкер жаңа қырынан танылып, шығармашылық жағынан білімін дәлелдеуге мүмкіндік алады деген болатын. Облыс түлектерінің сынақтан соңғы нәтижелері алдағы үш күндік тестілеу барысында белгілі болмақ. Ал, мектепті бұрынғы жылдары бітіргендер мен жалпыға бірдей негізде түсетін колледж түлектері үшін кешенді тестілеу мерзімі – 17-23 шілде аралығына белгіленген. Мектеп ұстаздары түлектерді ҰБТ-ның форматы өзгергенімен, тестілеудің сұрақтары өздері дайындаған кітапшаға ұқсас болады деп сендіріпті.

«Талаптың мініп тұлпарын», тү­лектер бәйгеге түсті. Ендеше, талапкерге – сәттілік.

Аяулым СОВЕТ.

Л.ГАЛИМОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button