ТАЛАНТТАР – халықаралық байқауда

Газетіміздің өткен санында С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрында «ТТТ», яғни, «Театр-Творчество-Талант» атты балалар мен жасөспірімдер арасында халықаралық фестиваль-конкурс басталғанын жариялағанбыз. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының қолдауымен наурыз айының 26 мен 27-сі аралығында өткен халықаралық өнер сайысының қорытындысы да жарияланып үлгерді. Шараны ұйымдастырушылар – Думан Әкімнің шығармашылық орталығы мен Қарағанды қаласындағы №1 өнер мектебі.

Естеріңізде болса, халықаралық фестиваль-конкурс екі аталымнан тұратынын айтқанбыз. Біріншісі – спектакль бойынша. Үміткерлер онда драмалық, фольклорлық, хореографиялық, комедиялық, тағы басқа жанрларда өнерлерін ортаға салды. Екінші аталым – көркем сөз оқуда поэзия, проза, мысалдар мен әдеби-музыкалық шығармалардан сынға түсті. Қатысушылардың жас мөлшері 6-дан 25 жасқа дейін. Қазақстанның түпкір-түпкірінен, сондай-ақ, Ресей мен Бурятиядан (Улан-Удэ) келген үміткерлердің бәрі өнер мектептері мен колледж, университеттерде білім алушы болашақ әртіс­тер. Олардың өнерлерін бағалап, сарапқа салушы қазылар алқасының құрамы да әр елдің өнер тарландары мен саңлақтары. Атап айтсақ, Алматы қаласынддағы балалар мен жеткіншектер театрынан Владимир Крылов, Қарағандыдан С.Сейфуллин театрының актрисасы Қымбат Жырымбаева, Станиславский атындағы орыс драма театрының директоры Дунай Еспаев, Қырғызстанның Халық әртісі, актер, режиссер Сергей Федорович, Санкт-Петербург театрының көркемдік жетекшісі Екатерина Максимова.

«Мұндай фестиваль-конкурстар жиі өтіп тұрады. Конкурс былтыр республикалық деңгейде өткен. Содан кейін мен фестивальдің жобалық сметасын жасап, Тұңғыш Президент – Елбасы қорының шығармашылық жобалар байқауына қатысып, грант ұтып алған соң, осындай халықаралық дүние жасап жатырмыз.

Биыл байқауға Қазақстан, Ресей, Бурятиядан 20 спектакль қатысып отыр. Көркемсөз аталымына 53 номер шықты. Ал, жалпы қатысушылар саны 300-ге тарта өнерпазды құрады. Қазақстаннан Астана, Алматы, Қарағанды, Көкшетау, Жезқазған, Атбасар, Солтүстік Қазақстан облысы, Павлодар қалаларынан, Ресейден Новосибирскден, Бурятияның Улан-Удэден командалар бар.

Спектакльдің көбі кәсіби деңгейде қойылып жатыр десе болады. Көлденең келген ешкім жоқ. Ылғи өнер мектептері мен колледж, университеттерінде оқитын сен тұр, мен атайындар. Бәрі керемет деуден аулақпыз, әрине. Өйткені, қазылар алқасы тарапынан ескертулер де айтылды. Жеткіншектер театрында мәселелер жеткілікті және солай болады, мәселе қала береді де. Сондықтан, біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Құдай қаласа, жылдан жылға жалғастыра береміз»,– дейді фестиваль-конкурсты ұйымдастырушы, Екатеринбург қаласындағы мемлекеттік театр институтында білім алушы Думан Әкім.

Сонымен, екі күнге созылған фестиваль-конкурстың қорытындысы да жария­ланды. Қазылар алқасының шешімімен «Көркем сөз» аталымы бойынша 6-7 жас аралығындағы өнерпаздар арасынан І орын Солтүстік Қазақстан облысы, Пресновка селосындағы «Өнер мектебінің» жеткіншектеріне бұйырды. ІІ орын қарағандылық «TeatRoom» театр студиясына берілді. ІІІ орынға Солтүстік Қазақстан облысы, Пресновка селосындағы «Өнер мектебі» табан тіреді. Осы аталымда 8-10 жас жастағы жеткіншектер арасында І, ІІ орынды №2 өнер мектебі – «ЮНЕСКО» клубы иеленді. ІІІ орынды Солтүстік Қазақстан облысы, Пресновка селосындағы «Өнер мектебі» еншіледі. Ал, 11 мен 13 жас аралығында І орын Бурятия республикасы, Улан-Удэ қаласының «Өнер» мектебінің қанжығасында кетті. 14-17 жаста көркем сөз оқудан І орынды №2 өнер мектебі – «ЮНЕСКО» клубы алса, ІІ орынды қарағандылық №39 гимназияның «Зурбаган» театр-студиясы олжалады. ІІІ орында да – қарағандылықтар, №65 мектеп.

18-25 жастағы көркем сөз шеберлері арасынан бас жүлде Қазақ ұлттық өнер университетіне, Сабыр Батырханға бұйырды. І орын – Ресейдегі мемлекеттік Кемеров өнер институтына, ІІ орын – Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Құлпынай Өмірбековада, ІІІ орын – мемлекеттік «Кемеров» өнер институты, Анастасия Ревневецте.

«Спектакль» аталымы бойынша 8 бен 10 жастағы жеткіншектер арасында І орын – қарағандылық «ЮНЕСКО» клубының «Алтыншашу» театр ұжымында, №2 мектеп. ІІ орын тағы солар. 11-13 жаста І орын – тағы да соларда. Тек өнерпаздары басқа. ІІ орын – Бурятия, Улан-Удэ, «Этигэл» театр студиясында. ІІІ орын – қарағандылық «TeatRoom» театр студиясында.

Тағы осы аталымда 14-17 жастағылардан І орынды жезқазғандық «Сорванец» театр-студиясы қанжығалады. ІІ орынды – Павлодар облысы, Ақсу қаласының «Арракаста» жастар театры, ІІІ орынды – атбасарлық «Молодость страны» орталығы еншіледі.

18 бен 25 жас аралығында бас жүлде – Тәттімбет атындағы өнер колледжі, орыс тобының 3 курс студенттерінде. І орын – Новосибирск мемлекеттік театр институтының «ТОЛК» театрлық білім зертханасы қуыршақшыларында.

ІІ орын – Жүргенов атындағы ҚазҰӨ академиясы колледжінің «Актерлік өнер» мамандығы, «Музыкалық театр артисі» біліктілігі бойынша оқитын 3 курстың 6 топ студенттерінде, жетекші – Балтабек Нұрғалиев. ІІІ орын да осы колледжде, жетекші – Ерлан Кәрібаев.

Жәнібек ӘЛИМАН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.